Түркиядағы жер сілкінісінің дәл ошағында орналасқан Эрзин қаласында бірде-бір ғимарат қирамаған
Жарияланған күні:
6 ақпанда жойқын жер сілкінісі болған Түркияның Хатай провинциясындағы Эрзин қаласында бірде-бір ғимарат құламаған. Бұған қала мэрінің құрылысшыларға қатысты қатал саясаты себеп болған, деп хабарлайды Cumhuriyet.
Басылымның хабарлауынша, Түркиядағы жер сілкінісінен Хатай провинциясы басқаларға қарағанда көбірек шығынға ұшырады. Дегенмен қатты жер сілкінісіне қарамастан, бірде-бір ғимараты қирамаған қала бар.
Эрзин қаласының басшысы Оккеш Эльмасоглудың айтуынша, елдімекенде адам шығыны жоқ. Эльмасоглу жергілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында мэр ретінде заңсыз құрылысқа қатаң түрде тыйым салғанын айтқан.
Бұл туралы ресейлік саясаттанушысы Сергей Марков Telegram-каналында жазды.
"Хатай провинциясы ең көп қирауға ұшырады. Алайда бірде-бір ғимарат құламаған қала бар, ол - Эрзин. Оның себебі қарапайым: Эрзин қаласының мэрі заңсыз, талаптарға сай емес ғимараттар салуға қатаң түрде рұқсат бермеген.
Содан кейін құрылыс иелері оны орнынан алдыруға да әрекет еткен. Ал қазір ол - Түркиядағы қаһарман. Құрбандар мен шығынның көп болуының негізгі себебі: құрылыстардың талаптар мен заңдарға қайшы әрі жаппай сыбайлас жемқорлық арқылы жүргізілуі екені белгілі болды. Бұл енді маңызды саяси факторға айналды", - деп жазды ол.
Cumhuriyet мәліметі бойынша, Эрзин халқының саны (2019 жылғы жалпы санақ бойынша) 35 137 адам, ауылдарымен қоса алғанда 41 700 адамды құрайды.
Оккеш Эльмасоглу 2019 жылы 31 наурызда өткен жергілікті сайлауда Халықтық-республикалық партия атынан қала мэрі болып сайланды. Эльмасоглудың өзі Эрзинде туып-өскен. Жоғары оқу орнын бітіріп, әскери борышын өтеген соң ол туған жеріне оралып, қала мэрі лауазымына дейін көтерілді.
Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында 7,5 балдық жойқын жер сілкінісі болды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда қаза тапқандар саны 29 605 адамға жетті. Сонымен қатар табиғи апаттан Сирияда 3574 адам қаза тапқан.
Жер сілкінісі салдарынан екі қазақстандық – Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков қаза тапты. 11 ақпан күні кешке олардың денесі Алматыға жеткізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2009115-nelikten-zer-silkinisinin-epicentri-erzinde-birde-bir-gimarat-qiragan-zoq-qala-meri-tusindirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.