"Күйеуімнің ісін жалғастырамын": Юлия Навальная ресейліктерге видеоүндеу жолдады
Жарияланған күні:
Саясаткер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын мәлімдеп, видеоүндеу жолдады. Бұл туралы ресейлік оппозиционердің YouTube-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жылдар бойы мен Алексейдің қасында болдым – сайлау, митингілер, үйқамақ, тінту, тұтқындау, түрме, улану, тағы да митингілер, тұтқындау және тағы да түрме", - дейді Юлия Навальная.
Әйелінің айтуынша, күйеуімен соңғы кездесу 2022 жылдың ақпан айының ортасында болған.
"Осы жылдарда Алексейдің жанында болдым. Онымен бірге болғаныма және оны қолдағаныма қуаныштымын. Бірақ бүгін мен сіздердің қастарыңыздан табылғым келеді, себебі сіздерге де оңай емес, бәріміз де Алексейден қапыда айырылып қалдық. Ол азап пен бейнеттен жапа шегіп, үш жылдан кейін түрмеде қайтыс болды", - деді ол.
Соған қарамастан күйеуі мойымағанын, орыс халқын үнемі қолдап, жігерлендіріп, күліп, әзілдеп отыратынын да тілге тиек етті.
Навальныйдың әйелі сондай-ақ бейнеүндеуінде күйеуінің ісін жалғастыратынын хабарлады.
"Мен Алексей Навальныйдың ісін жалғастырамын. Отанымыз үшін күресті жалғастырамын. Сіздерді де жанымда болуға шақырамын. Басымызға түскен қайғы мен таусылмайтын азапты бірге бөлісіп, болашағымызға балта шапқандарға қаһар мен ашуды қару етіп қарсы тұруға шақырамын", - деді ол.
Навальныйдың әйелі күйеуінің жасаған құрбандығы "босқа кетпеуі мүмкін" деді.
"Күйеуім армандаған болашақтың әдемі Ресейі керек. Мен осындай Ресейде тұрғым келеді, мен Алексей екеуміздің балаларымыз сонда тұрғанын қалаймын. Мен Алексей Навальныйдың арманындағы ізеттілікке, әділдік пен сүйіспеншілікке толы елді сіздермен бірге тұрғызғым келеді.
Оның жасаған көзсіз құрбандығы бекер болмаған шығар. Күресіңіздер, берілмеңіздер! Мен ешнәрседен қорықпаймын, сіздер де қорықпаңыздар", - деді Юлия.
Навальныйдың өлімі
Алексей Навальный 16 ақпанда Ресей колониясында қайтыс болды. Ол 47 жаста еді. Сол күні оның жұбайы Юлия Мюнхен конференциясында сөз сөйледі.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков оппозиционердің өліміне қатысты пікір білдірді: ол өлімнің себебін дәрігерлер анықтауы керек деді. Сондай-ақ, оның айтуынша, оқыс оқиға туралы Ресей президенті Владимир Путинге хабарланған.
Біз Навальныйдың өліміне әлемнің қалай қарағаны туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ оның өлімі туралы хабардан кейін әлемнің бірқатар қаласында митинг болды. Ресейде көптеген адам қамауға алынды.
Оппозиционердің туыстары оның денесін іздеп жатыр. Сол үшін оның анасы адвокатпен колонияға келген. Алайда ұлының денесін ала алмаған. Ал Песков Кремльде Навальныйдың денесінің қайда екені туралы ақпарат жоқ екенін айтты.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айының басында саясаткердің пікірлестері онымен бірнеше күн хабарласа алмағанын айтқан болатын. Бұған дейін, олардың айтуынша, ол камерада кенеттен ауырып қалған.
Желтоқсанның аяғында Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш оның Ямало-Ненецк автономиялық округіндегі Харп ауылындағы ИК-3 ұшағында болғанын хабарлады. Қаңтар айының басында оппозиционер сот отырысына қатысу үшін Ямалдағы жаңа колониядан алғаш рет бейнебайланысқа шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2061779-kuieuimnin-isin-zalgastyramyn-yuliya-navalnaya-reseilikterge-videoundeu-zoldady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.