Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәскеудегі "Крокус Сити Холлда" болған атыстан кейін қаза тапқандар мен жараланғандар саны артты

Опубликовано:

"Крокус Сити Холл" кешенінің ғимараты
"Крокус Сити Холл" кешенінің ғимараты. Фото: Sefa Karacan/Anadolu/Getty Images

Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" кешенінде 22 наурызда кешке болған атыс кезінде 60-тан астам адам қаза тапты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ресейдің Тергеу комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Марқұмдардың денесін тану жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін террористік әрекет салдарынан 60-тан астам адам қаза тапқаны анықталған. Өкінішке қарай, құрбандар саны артуы мүмкін", - делінген ведомствоның ресми Telegram-каналында.

Оқиға орнынан заттай айғақтар, соның ішінде қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленіп, барлық қажетті сараптама тағайындалып, қазір генетикалық, баллистикалық және саусақ ізі сараптамалары жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Бейнебақылау камералары тексерілуде.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, 115 адам ауруханаға жеткізілді, оның бесеуі балалар: 60 ересек адамның және бір баланың жағдайы ауыр.

Еске салсақ, 22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оның видеосын жариялай бастады. Оқиға орнында жарылыс естілгені де хабарланды.

РИА Новости хабарына қарағанда, арнайы жасақ жауынгерлері өртсөндірушілермен бірге "Крокус Сити Холл" ғимаратының ішінде жұмыс істеп жатыр, адамдарды эвакуациялау жүріп, қылмыскерлерді іздеу операциясы басталған.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

Ал Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі таратқан алдын ала мәлімет бойынша, 40 адам қаза тапқан және 100-ден аса адам зардап шеккен.

Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072415-maskeu-manyndagy-krokus-siti-xollda-bolgan-atystan-keiin-qaza-tapqandar-men-zaralangandar-sany-artty/

pixel