Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйелін қорғамақ болды": Мәскеу маңында болған теракт кезінде ерлік танытқан ер адам марапатқа ұсынылды

Жарияланған күні:

"Крокус Сити Холл" кешенінің ғимараты
"Крокус Сити Холл" кешенінің ғимаратындғы өрт. Фото: Stringer/AFP/Getty Images

Ресей тергеу комитетінің төрағасы "Крокус Сити Холл" концерт залында лаңкестердің бірін жанқиярлықпен көзін жойған адамды ведомстволық марапатқа ұсынуды бұйырды. Бұл туралы Ресей тергеу комитетінің Telegram-дағы ресми арнасы хабарлады.

"Теракт кезінде концерт залында отырғандардың бірі асқан ерлік көрсетті. Әйелін адамдарға оқ жаудырған лаңкестерден қорғамақ болған ер адам олардың біріне шабуыл жасап, оның көзін жойды. Ол өзінің белсенділігі мен батылдығының арқасында сол кезде айналасындағы адамдардың өмірін аман алып қалды", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство басшысы Александр Иванович Бастрыкин ер азаматтың ерлігін сөзге тиек етіп, Тергеу комитетінің мамандандырылған бөлімшелеріне оны ведомстволық наградаға ұсынуды тапсырды.

Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холлда" болған теракт

22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оқиғаның видеосын жариялаған. Оқиға орнында жарылыс болғаны да хабарланды.

Ресейдің Тергеу комитеті атыстан 115 адам қаза тапқанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін мәлім етті.

Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметі басшысы Александр Бортников Владимир Путинге ғимаратына террорлық шабуыл жасаған 11 адамның, оның ішінде Крокус-Сити Холлдағы терактіге тікелей қатысы бар төрт террористің де ұсталғаны туралы баяндады.

Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізді.

Кейін Владимир Путин қайғылы оқиғадан кейін ресейліктерге видеоүндеу жасады. Ресейде 24 наурыз ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072751-aielin-qorgamaq-bolgan-maskeu-manynda-bolgan-terakt-kezinde-erlik-tanytqan-er-adam-marapatqa-usynyldy/