Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейдегі теракт кезінде Қырғызстан мен Беларусь азаматтары қаза тапқан

Опубликовано:

Құтқарушылар "Крокус Сити Холл" концерт залында
Құтқарушылар "Крокус Сити Холл" концерт залында. Фото: Ресей ТЖМ

Ресейдегі "Крокус Сити Холлда" болған теракт салдарынан Қырғызстан мен Беларусь азаматтарының қаза тапқаны белгілі болды. Бұл елдердің елшіліктері мәлімдеме жасады.

Ресей ТЖМ сайтында Мәскеу облысындағы теракт салдарынан қаза тапқандардың нақтыланған тізімі жарияланды. Онда 120 адам бар.

Жаңа тізімде Эдита Жүсіпова мен Маиза Гүлжігітқызының, сондай-ақ Вадим Куликтің есімдері бар.

Sputnik Қырғызстанның хабарлауынша, лаңкестіктен кейін адамдар әлеуметтік желілерде 20 және 24 жастағы екі қырғызстандықтың жоғалып кеткені туралы жаза бастаған. Олардың Крокустағы дәмханалардың бірінде жұмыс істегені хабарланды.

ТАСС агенттігінің жазуынша, Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі алдын ала мәлімет бойынша Қырғыз Республикасының екі азаматы қаза тапқанын хабарлады. Олардың мәйіті анықталып жатыр.

Сондай-ақ екі Беларусь азаматының қаза тапқаны белгілі болды.

Бұл туралы Беларусь Республикасының РФ Елшілігi мәлімдеме жасады, деп жазады Белта.

"Беларусь елшілігінде Ресей ТЖМ жариялаған Красногорск қаласындағы теракт әрекетінің салдарынан қаза тапқандардың жаңартылған тізімінде Вадим Александрович Кулик бар екені туралы ақпарат бар. 1981 жылы туған Беларусь азаматы "Крокус Сити Холл" күзетшісі болып жұмыс істеген және теракт болғаннан бері байланысқа шықпаған", – деді дипломатиялық миссияның ресми өкілі Алексей Васильков.

Ол мәйіттерді анықтау қиынға соққанын айтты. Елшілік қызметкерлері Вадим Куликтің туыстарынан ДНҚ үлгілерін алып үлгерді.

Басылым бұғандейін 1978 жылы туған тағы бір Беларусь азаматының қайтыс болғаны туралы хабарланғанын, осылайша екі Беларусь азаматының лаңкестік әрекеттің құрбаны болғанын жазады.

Осы елдің тағы бір азаматы, "Крокус Сити Холл" күзетші болып жұмыс істеген Алим Кошеваров содырлардың концерт залына шабуылы кезінде оқ жарақатын алып, қазір Мәскеудегі Боткин атындағы ауруханада өте ауыр жағдайда жатыр.

"Крокус Сити Холл" ғимаратындағы теракт

22 наурызда кешке Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді. Бұл оқиғадан кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады.

24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Соңғы мәлімет бойынша "Крокус-Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің салдарынан қаза тапқандар саны 139 адамға жеткен, 90-нан астам адам ауруханада жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2073813-krokustagy-terakt-qyrgyzstan-men-belarus-azamattarynyn-qaza-tapqany-belgili-boldy/

pixel