Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресей бір күнде сегіз баллистикалық зымыран атып түсіргенін мәлімдеді

Жарияланған күні:

ATACMS ракетасы
ATACMS зымыраны: lockheedmartin.com

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, елдің әуе қорғанысы жүйесі бір тәулікте сегіз баллистикалық зымыран атып түсірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "РБК" сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Зеленский соғыста қанша украиналық жауынгер қаза тапқанын айтты

Басылым ақпаратынша, министрлік зымырандардың нақты атауын, олардың қай ауданда атып түсірілгенін де айтпады.

Бұған қоса, қорғаныс министрлігі алты америкалық қашықтан басқарылатын JDAM әуе бомбаларын, 45 дронды атып қағып түсіргенін хабарлады.

Министрлік мәліметінше, Украинада соғыс басталғалы бері 649 ұшақ, 283 тікұшақ, 36,6 мың дрон, 586 зенитті зымыран кешені, 19,5 мың танк және басқа да қару-жарақ түрлері жойылған.

Бұл уақытта ресейлік әскери блогерлердің бірнешеуі 25 қарашаға қараған түні Украина Ресейдің Курск облысындағы Халино әуе базасын америкалық сегіз ATACMS зымыранымен атқылады деп жазды. Бұл туралы BBC-дің орыс қызметі хабарлады.

Әскери блогерлердің мәліметінше, олардың кем дегенде екеуі әуе базасы аумағында жарылған. Дүйсенбіге қараған түні Курск облысының губернаторы Алексей Смирнов аймақта жеті зымыран мен жеті дрон атып түсірілгенін өзінің Telegram-арнасына жазған. Алайда өңір басшысы олардың нақты қайда бағытталғанын айтпаған.

Украина қарулы күштерінің мәлімдеуінше, Ресей 25 қарашаға қараған түні Украинаны 145 Shahed дронымен атқылады. Мәліметке қарағанда, 14 облыстың аумағында, соның ішінде Киевте 71 камикадзе-дрон жойылған.

Әзірге Ресей де, Украина да бір-бірінің ақпаратына қатысты пікір білдірмеді. Мәліметтердің қаншалықты растығын соғыс жағдайында тексеру мүмкін емес.

Қарашаның екінші жартысынан бастап баллистикалық зымырандарға қатысты дау өрши түсті. Атап айтқанда, 17 қарашада АҚШ президенті Джо Байден Киевке қашыққа ұшатын ATACMS зымырандарын қолдануға рұқсат бергені мәлім болды.

Екі күннен соң, 19 қарашада Ресей қорғаныс министрлігі Украина Брянск облысын америкалық алты ATACMS зымыранымен атқылағанын, соның бесеуі жойылғанын мәлімдеді.

21 қарашада Ресей қорғаныс министрлігі Storm Shadow британ зымырандарын атып түсіргенін хабарлады.

Дәл осы күні Ресей президенті Владимир Путин арнайы үндеуінде орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық "Орешник" зымыранымен Украинаға соққы бергенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2192186-resei-bir-kunde-segiz-ballistikalyq-zymyran-atyp-tusirgenin-malimdedi/