Зеленский қандай жағдайда Путинмен келіссөз жүргізуге болатынын айтты
Жарияланған күні:
Украина президенті Владимир Зеленский америкалық блогер әрі подкастер Лекс Фридманға сұқбат беріп, бейбітшілікке жету жолдары туралы ойларын ортаға салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сұқбат шамамен үш сағатқа созылды. Зеленский көбіне украин тілінде сөйлеген.
Әңгіме басында Лекс Фридман Мәскеуге барып, Владимир Путинмен сұқбаттасуды жоспарлағанын айтты. Подкастер Путин, Зеленский және Дональд Трамп АҚШ президентінің инаугурациясынан кейін – 25 қаңтарда кездесіп, бейбітшілік туралы келісуі керек деп есептейді.
Зеленскийдің пікірінше, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Украинаға ұшақпен ұшып келетін алғашқы әлем лидері атанар еді, бірақ ол үшін соғыс аяқталуға тиіс.
Бейбіт келіссөз туралы ойын айтпастан бұрын Зеленский 2019 жылғы бір оқиғаны еске алып, сол кезде Путинмен Донбасс жөнінде келісімге келгенін, бірақ Ресей оны бір айдан кейін-ақ бұзғанын ескертіп өтті.
"Мен оған ресейліктер телефон тұтқасын көтеруді қойғанға дейін қайта-қайта қоңырау шалдым. Келесі бір кездесудің өткенін қаладым, бірақ ресейліктер бас тартты, біз түрлі елдер арқылы шығып көрдік, бірақ ресейліктер қаламады, қайдағы бір сандырақты алға тартумен болды", - деп еске алды Зеленский.
Блогердің "Қаңтарда Трамппен, Путинмен бейбіт келісім үшін кездесер ме едіңіз?" деген сауалына Зеленский әуелі тек қана Трамппен кездескісі келетінін, келіссөздерге еуропалықтарды тартуды қалайтынын айтты.
"Менің ойымша, 25 қаңтарда немесе басқа бір күні біз ең әуелі Трамппен кездесу үстеліне отырамыз. Біз соғысты, Путинді қалай тоқтату керек екеніне келісеміз. Біз Трамппен келісеміз. Егер ол қауіпсіздіктің мықты кепілін ұсынса, содан кейін ғана ресейліктермен әңгімелесуге болады. Үшеуміз отыра салып емес, келіссөз осылай ғана іске асады", - деп жауап берді Украина президенті.
"Біз үшін Еуропаның да дауысқа ие болғаны маңызды. Ол (Трамп) Еуропамен бірге Украина қауіпсіздігіне мықты кепіл ұсына алады дегенге сенемін", - деп мәлімдеді Зеленский.
Украин президенті Зеленский "Путиннің өзі не қалайтынын күтіп жатудың қажеті жоқ, соғысты тоқтату керек" деп есептейді. Зеленскийдің пікірінше, Ресей президенті соғыстың аяқталғанын қалап отырған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2208500-zelenskii-qandai-zhagdaida-putinmen-kelissoz-zhurgizuge-bolatynyn-aitty/