Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір рейстер Ташкент әуежайына қонды
Опубликовано:

Иран әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты халықаралық рейс орындаған бірнеше ұшақ Ташкенттегі қосалқы әуежайларға қонды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Өзбекстан әуежайларының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.
Ресми хабарламаға сүйенсек, Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты бірнеше рейс Ташкентке, қосалқы әуежайға қонуға мәжбүр болды.
Uzbekistan Airways әуе компаниясының Ташкент – Жидда бағытындағы HY5343 рейсі жергілікті уақытпен 6:18-де қонды. Бортта жолаушылар болмаған. Fly Dubai компаниясының Ташкент – Дубай бағытындағы FZ1942 рейсі де қонуға мәжбүр болды. Жолаушылар уақытша әуежай терминалында орналастырылды.
Сондай-ақ Air Cairo әуе компаниясының Алматы – Шарм-эль-Шейх бағытындағы SM882 рейсі (07:46) және Qatar Airways әуе компаниясының Сеул – Доха бағытындағы QR8985 рейсі (07:57) де Ташкент әуежайына қонды. Ал Centrum Air компаниясының Ташкент – Доха бағытындағы C63341 рейсі кейінге шегерілді. Жолаушылар уақытша терминалға орналастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Израиль әскері Иранға соққы жасады.
Иранның ядролық бағдарламасының ең маңызды нысаны орналасқан Натанз қаласына жасалған шабуылдан кейін елде бірнеше жарылыс дыбысы естілді.
Бүған қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік басшысы түсінік беріп, Иранның ядролық нысанына соққы жасалғанын растады.
Ал Израильде төтенше жағдай жарияланды. Елдің қорғаныс министрі Кац жақын арада жауап ретінде Израиль мен оның бейбіт тұрғындарына соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті.
Кейін ЦАХАЛ бригада генералы Эффи Дефрин Иран соңғы бірнеше сағат ішінде Израильге 100-ден астам ұшқышсыз ұшатын аппарат ұшырғанын айтты. Израиль қорғаныс күштері қазір оларды атып түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты сол елде жүрген отандастарымызға үндеу жасады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2255259-iran-aue-kengistigining-zhabyluyna-bailanysty-keibir-reister-tashkent-auezhaiyna-qondy/