Қаза тапқан 38 адамның жетеуінің жеке басы анықталды: ТЖМ Ақтаудағы апатқа қатысты жаңа мәлімет таратты
Жарияланған күні:
Маңғыстауда 25 желтоқсанда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines жолаушы ұшағы конструкциясын бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстан төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі ресми телеграм-арнасына ұшақ құлаған орында түсірілген суреттерді жариялады.
"Қазіргі уақытта оқиға орнында ұшақ конструкцияларын бөлшектеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға салдарын жоюға 306 адам, 101 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 6 кинология тобы жұмылдырылды.
Оған төтенше жағдайлар, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің, ұлттық ұлан, өртке қарсы қызмет, апаттар медицинасы орталығы, жедел медициналық көмек бригадасы және жергілікті атқарушы органдар, сонымен бірге Әзербайжан ТЖМ қызметкерлері тартылды", - деп хабарлайды ТЖМ.
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің қызметкерлері оқиға орнына прожекторлар орнатып, түні бойы жұмыс істеген.
Министрліктің Апаттар медицинасы орталығының мамандары ұшақ апатынан зардап шеккендердің Ақтау қаласына келген туыстарына психологиялық көмек көрсетіп жүр.
"Қаза тапқан 38 адамның денесі табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 7 адамның денесі анықталды. Сонымен қатар кеше іздеу тобының нәтижесінде ТЖМ құтқарушылары қара жәшікті тапты. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", - делінген хабарда.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласында апаттың себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
ТЖМ-ның жедел желі телефондарына шұғыл психологиялық көмек және ақпарат алмасу сипатындағы 1063 өтініш түсті.
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі жариялаған суреттерден оқиға орнына кинологтар жұмыс істегенін байқауға болады.
Еске салсақ, бүгін, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2205297-qazaqstan-men-azerbaizhan-mamandary-azerbaijan-airlines-ushagy-konstruktsiiasyn-bolshektep-zhatyr/