Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқан он адамның жеке басы анықталды
Жарияланған күні:
Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқан он адамның жеке басы анықталды. Апаттан 38 адам көз жұмды. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство мәліетінше, қаза тапқан 38 адамның 10-ы анықталды: 3-уі Қазақстан азаматы, 3-уі Ресей және 4-уі Әзербайжан азаматы. Денелерді идентификациялау жұмыстары жалғасуда. 20 зардап шеккен адам емдеу мекемелерінде жатыр.
Ауруханаға жатқызылған барлық 29 адамның жеке басы анықталған.
14 зардап шеккен адаммен Әзербайжан делегациясының 2 борты еліне ұшпақ.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновты оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады.
Соңғы мәліметтер бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде министрлік қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үш емес, екі мүшесі аман қалғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2205611-aqtauda-ushaq-apatynan-qaza-tapqan-on-adamnyng-zheke-basy-anyqtaldy/