Денсаулық сақтау министрі Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жағдайын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкіметте өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі ауруханада жатқан Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі уақытта Руслан Берденовтің жағдайы тұрақты ауыр.
"Түскен кезде екі бригаданың хирургтары 4 сағат бойы шұғыл көмек көрсетті. Пациентке ота жасалып, жағдайы тұрақтанды.
Бүгінде пациенттің жағдайы тұрақты. Өзі жүре алады, десе де дәрігерлердің бақылауында", - дейді Ақмарал Әлназарова.
Естеріңізге сала кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер Руслан Берденовке шұғыл түрде ота жасалғанын, ота төрт сағаттан аса уақытқа созылғанын жеткізді. Кейінірек оның есін жиғаны белгілі болды.
Полиция күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Кейін брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесі Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты жаңа деректерді айтып, бұл жағдайға қатысты әкімдік тарапынан неге ешкім пікір білдірмегенін түсіндірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2240382-densaulyq-saqtau-ministri-shymkent-qalasy-akimining-orynbasary-ruslan-berdenovting-zhagdaiyn-aitty/