jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    "Аяқ-қолым істемей қалды": Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сотта куәгер болған жайтты баяндады (видео)

    Сотталушы Шерхан Аймахан
    Сотталушы Шерхан Аймахан. Кадр: "Алматы" арнасы

    Шымкентте Нұрай Серікбайдың соты жалғасып жатыр. 30 шілдеде марқұмның екі ағасы көз жасына ерік беріп, сот алдында жауап берді. Ал қанды оқиғаны өз көзімен көрген куәгер сол күні болған жайтты баяндап берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

    Сот отырысында тағы да күтпеген жайттардың беті ашылды. Өткен процессте "Нұрайдың өзі мені пышақтады" деген сотталушының сөзі расталмады. Себебі күдікті ұсталған кезінде істеген қылмысын мойындап, болған жайтты полицияға айтып берген. Бүгін судья соның бәрін оқып беріп, Шерхан Аймаханнан нақты жауап беруін талап етті.

    "Нұрайға тыққан пышағыммен өзіме-өзім қол жұмсамақшы болдым. Пышақты кішкене тығып, алайда өзіме қол жұмсай алмай қалдым. Дәтім бармады". Мына жердегі жауапта бәрі сіздің есіңізде. Екінші пышақты алмағансыз. Сосын Нұрайға қатысты істеген іс-әрекетіңізге өкініп, өзіңізді-өзіңіз пышақтағансыз. Барлық нәрсе есіңізде. Бұны қалай түсіндіріп бересіз?", – деді судья Саммидин Темірәлиев.

    Марқұм Нұрай Серікбайдың күдіктіге пышақ сұқпағанын куәгерлер де растағандай болды. Қанды оқиғаны өз көзімен көрген әйел жұмыстан қайтып бара жатып, жанұшыра айқайлаған қыздың дауысын естіген. Сол сәтте ол сотталушының қолынан ұзындығы 15–20 сантиметр болатын үлкен пышақ көріпті. Алайда оның денесінен ешқандай да жарақатты байқамаған.

    "Ол артымнан жүгіріп өтті, қыздың жатқан жеріне барып, қайтып 2-3 рет пышақ сұқты. Менің бір минуттай аяқ-қолым істемей қалды. Ана жақта бір апай тұрды. Ол кісі де тұрған жерінде қатып қалды. Сонымен "маған қарай шабуыл жасай ма?" деп қашып кеттім", – деді куәгер Индира Беркінбаева.

    Куәгердің әрбір сөзі жәбірленуші тарапқа ауыр тиді. Сот залында Нұрайдың ата-анасы көз жасына ерік берді. Ал марқұмның ағасы мәйітханада қарындасының денесін көргенде танымай қалғанын жеткізді.

    "Денесінде бір сау жер жоқ. Пышақ күртешесін тесіп өткен. Күртешесі жаңа еді. Мойын тұсын айтпай-ақ қояйын, тесіп жіберген. Бетінде сау жер жоқ, бауыздап, ойыншық сияқты пышақ сұққан. Түрінен түр қалмаған. Шыны керек сол жерде еңіреп жібердім", – деді марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.

    Марқұмның екі ағасы сотта қанды қылмысқа дейінгі оқиғаларды да егжей-тегжейлі баяндады. Олар Шерхан Аймаханның Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алғанын жеткізді. Айтуларынша, олар бұл туралы құзырлы органдарға ескерткен. Бірақ ешқандай нақты нәтиже болмаған.

    "Оған дейін де бірнеше күн аңдыған екен. Үйіміздің алдында. Соның барлығын жеткіздім. Бірақ оператор қоңырауымызды еш тіркеген жоқ. Сондықтан мұнда полиция қызметкерлері арызды қабылдамады. Прокуратура толықтай іс қозғаудан бас тартты. Мұнда тағы да жедел желі операторы қоңырауымызды мүлде қабылдаған жоқ", – деді марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Дінмұхамед Серікбай.

    Шерхан Аймахан сталкинг, алып қашу, адам өлтіру ісі бойынша сот алдында жауап беріп жатыр.

    Авторлар: Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

    Нұрай Серікбайдың өлімі

    Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтарда кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған.

    13 қаңтарда күдіктінің Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталғаны белгілі болды.

    Сонымен қатар полиция оның сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлім етті.

    Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін Шымкент ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылды.

    Биыл сәуірде күдіктінің мәжбүрлі емдеуге жіберілгені хабарланды.

    Кейін сенат кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойныша сараптама қорытындысы шыққанын мәлімдеді. Қорытынды нәтижесіне сай, оның ақыл-есі дұрыс екені анықталған.

    Мамырда күдікті Талғардағы медициналық орталықтан Шымкентке қайта ауыстырылды.

    Бір ай бұрын бұл іс бойынша тергеу аяқталғаны мәлім болды. Сондай-ақ алғашқы сот отырысы өтетін күн жарияланып, іс қарала бастады.

    "Аяқ-қолым істемей қалды": Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сотта куәгер болған жайтты баяндады (видео)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.