13 адам қаза болған жатақханадағы өрт: сотта айыптау актісі жарияланды
Жарияланған күні:

Алматыда бір жыл бұрын болған жатақханадағы өртке қатысты сот өтіп жатыр. Сотта екі адам айыпталып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Almaty Hostel-де өрт 2023 жылдың 30 қарашасында болған.
Нәтижесінде 13 адам қаза тапты. Жатақхана өрт болмай тұрып бір жарым ай бұрын ашылғаны белгілі болды. Шәріпов көшесіндегі ауданы 456 шаршы метрлік үй-жай кепіл мүлкі ретінде банкке тиесілі болған.
Істе екі айыпталушы бар: жатақхана иесі Әділбек Мұхамедияров пен өрттен қорғау жүйесін орнату жөніндегі маман Александр Пекельник. Оларға Қылмыстық кодексінің 292-бабы – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша айып тағылып отыр. Сотқа жәбірленушілер мен олардың өкілдері онлайн режимде қатысты.
Айыптау актісіне сәйкес, өрт дабылын орнату жөніндегі маман Александр Пекелник дабыл орнату кезінде қауіпсіздік техникасын бұзған. Сонымен қатар үй-жайдың техникалық паспортында жертөледе кеңселер, сауда залдары, қызметтік үй-жайлар мен жуынатын бөлмелер болғаны айтылған.
"Осылайша Пекельник монтаждау ұйымының басшысы бола тұра, өрт дабылы құрылғыларын орнатуға байланысты өзіне жүктелген нормативтік-құқықтық жауапкершілікті орындамау нәтижесінде қоғамға қауіпті зардаптардың болуы мүмкін екенін түсіне тұра, өз міндеттеріне жауапсыз қарады.
Ол үй-жайды өрт дабылдары мен дабылдардың қажетті санымен қамтамасыз етпеді және оларды дұрыс орналастырмады, бұл үй-жайдың кей аймағында өрт дабылдарының естілмеуіне әкелді. Бұл осы нысанда өрт қауіпсіздігінің бұзылуына қауіп төндірді. Нормаларға сәйкес, өрт дабылының дыбыс деңгейі кемінде 85 децибел болуы керек, ал жатақханада бұл көрсеткіш небәрі 28-72 децибел болды. Бұл дыбыстық сигналдардың деңгейі жеткілікті деңгейге жетпегенін білдіреді", - деп мәлімдеді прокурор.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы мамандардың қорытындысына сәйкес, үй-жайды қарау кезінде үй-жайдың жертөле қабаттарында терезелер жоқ екені анықталды.
Айыптау қорытындысында өрт қауіпсіздігінің сақталуына жауапты болған Мұхамедияров пен Пекельниктің өрт және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан жертөледе жану өнімдерінен, соның ішінде көмірқышқыл газынан уланып 13 адам қаза тапқаны айтылған.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындап тиісті назар мен жауапкершілік танытқанда қайғылы жағдайды болдырмауға болар еді, деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы.
Дәлізде тұрған матрацтар бөлмелерден шығуды қиындатты, ал эвакуациялық шығаберіс жиһазбен жабылып, шығуға кедергі келтірді.
Прокурордың айтуынша, Мұхамедияров жанғыш материалдарды, яғни матрацтарды 15 және 16 нөмірлі бөлмелердің жанына орналастырған.
Терезелер мен желдетудің болмауы да өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейді.
Алматыдағы хостелде болған өрт
30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Алматыдағы хостелде шыққан өрттен аман қалған тұрғындар оқиға туралы айтып берген еді.
Кейіннен жатақхананың иесі ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2174987-13-adam-qaza-bolgan-zhataqhanadagy-ort-sotta-aiyptau-aktisi-zhariialandy/