"Үлкен айырмашылық бар": Бозымбаев желіде тараған аудио Ақтауда құлаған ұшақтың "қара жәшігінен" алынғанын жоққа шығарды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Министрлер кабинетінде өткен брифингте вице-премьер Қанат Бозымбаев ғаламторда тарап кеткен аудиожазбалар Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың "қара жәшіктерінен" алынғаны шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Әлдебіреудің интернетте жария еткені оның ақиқат екенін білдірмейді. Оның "қара жәшіктердегі" аудиодан үлкен айырмашылығы бар. Жария етілгені - мүлде өзгеше", - деді вице-премьер-министр Қанат Бозымбаев.
"Тергеу жүргізіліп жатыр. Сарапшылар тобы құрылды - олар қазір "қара жәшіктің" жазбаларын зерттеп жатыр: кім не айтты, қандай команда берді - бұл жұмыс келесі аптада аяқталады деп ойлаймын. Көлік министрлігі тиісті ақпаратты береді.
Бір айдың ішінде стандарттарға сәйкес, алдын ала нәтижелер болуы керек - біз криминалистика туралы емес, авиациялық биліктің авиациялық оқиғаны тергеуі туралы айтып отырмыз.
Мамандар тобы құрылды, оның құрамына біздің сарапшылар, сондай-ақ Ресей, Әзербайжан, Бразилия мамандары және жақында Нидерландыдан келген сарапшы қосылды. Олар қазір "қара жәшіктің" аудиожазбасынан алынған деректерді талдап, барлық мәліметті сәйкестендіріп, ұшу режимдерін зерделеуде.
Бұл күрделі жұмыс: олар жазылған дауыстардың экипаж мүшелеріне немесе басқа адамдарға тиесілілігін тексереді, әр секундты егжей-тегжейлі талдайды, кім қандай команда бергенін анықтайды. Жұмыстың бұл бөлігі келесі аптада аяқталады деп күтіліп отыр", - деді Бозымбаев.
Вице-премьер ұшақ апатына қатысты барлық тергеудің алдын ала нәтижелерін бір айдан кейін ұсыну жоспарланып отырғанын еске салды.
Қайтыс болғандардың отбасыларына көмек көрсетуге қатысты Бозымбаев төлемдер сомасы 5 миллион теңгені құрауға тиіс екенін, сондай-ақ жерлеу шығындары және т.б. өтелуі керек екенін айтты.
"Келесі аптада бұл отбасыларға демеушілер есебінен көмек көрсетіледі", - деп қосты Бозымбаев.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.
Сонымен қатар 30 желтоқсанда Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жібергені белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2214866-ulken-aiyrmashylyq-bar-bozymbaev-zhelide-taragan-audio-aqtauda-qulagan-ushaqtyng-qara-zhashiginen-alynganyn-zhoqqa-shygardy/