Оқыс оқиға

Зектілері

"Опырылу болмаған": Қазақмыс" Ұлытау облысындағы шахтадағы апатқа байланысты мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Шахта
Шахта. Көрнекі фото: pixabay.com

"Қазақмыс" корпорациясы Ұлытау облысындағы шахтадағы апатқа қатысты мәлімдеме жасап, шахтада тау жынысының опырылуы болмағанын мәлім етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылудың болмағанын анықтады.

Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр", - делінген компания таратқан хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада "Жомарт" кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты "Қазақмыс" компаниясы қаза тапқан жұмыскерлердің отбасын қолдау үшін шұғыл әрекет етіп, нақты шара қабылдағаны, ішкі штаб құрылып, өтемақы төлеу, марқұмдардың денесін жеткізу, несие бойынша міндеттемелерді орындау және отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселелері назарға алынғаны айтылған.

Компания қайтыс болған кеншілер мен олардың жақын туыстарының банк алдындағы қарызын нақтылау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хат жіберген.

"Қазіргі кезде жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысында орналасқан "Жомарт" кен орнындағы апаттан жеті жұмысшы қаза тапты. Кейін олардың аты-жөні белгілі болды.

Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2222394-ulytau-oblysyndagy-shahtadagy-apat-tau-zhynysynyng-opyryluy-bolmagany-anyqtaldy/