Өскемендегі зауыттағы жарылыс: ТЖ министрі төтенше жағдайдың алдын ала себебін атады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Өскемендегі зауытта болған жарылыстың алдын ала себебін атады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министр жыл басынан бері бақылаудағы нысандарда 43 оқиға мен 12 апат тіркелгенін, оның ішінде 10-ы бойынша тергеу жүргізілгенін айтты.
"Жұмысшылар қаза болған "Востокцветмет" шахтасында және "Казцинк" зауытында болған алған екі ірі апат бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бейінді сарапшылардың қатысуымен тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалды.
Алдын ала болжам бойынша "Востокцветмет" шахтасында болған апатқа, тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттама талаптарын бұзып жүргізу және жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған.
"Казцинк" зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан болды деген болжам бар", - деді ТЖМ басшысы.
Оның айтуынша, бұған дейін бұл нысандарда техникалық құжаттамаларға сай келмеу, техникалық құрылғылардың мерзімін ұзарту сараптамаларының болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ тозған жабдықты уақтылы ауыстырмау сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталған.
"Тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданады", - деді Шыңғыс Әрінов.
Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда таңертең Өскемендегі "Казцинк" ЖШС зауытының аумағында төтенше жағдай болды.
"Казцинк" ЖШС өкілдері алдын ала мәлімет бойынша түтін сорғышты тазалау жұмыстары кезінде жарылыс болып, артынша өрт шығып, құрылымдар ішінара опырылғанын хабарлады.
Кейін ТЖМ өрт толық сөндірілгенін мәлімдеді.
ТЖ салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам зардап шекті. Төтенше жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2383272-oskemendegi-zauyttagy-zharylys-tzh-ministri-totenshe-zhagdaidyng-aldyn-ala-sebebin-atady/