Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан" шахтасындағы апат: зардап шеккендер саны артты

Опубликовано:

Науқас
Науқас. Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында болған өрттен зардап шеккендердің саны 13 адамға дейін өсті, олардың екеуі үйіне шығарылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомство мәліметінше, кеше, 17 тамызда профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға зардап шеккен 9 кенші жеткізілген. Жансақтау бөлімінде жатқан екеуі кейін токсикология бөліміне ауыстырылған.

"Екеуінің денсаулық жағдайы ауырға жақын, тұрақты. Науқастар есін біледі, адекватты. Жедел интоксикация синдромы мен энцефалопатияның, гемодинамикалық тұрақсыздық пен уланудың токсикогендік кезеңі салдарынан жағдайлары ауыр деп бағаланды. Гемодинамикалық көрсеткіштер тұрақты.

Қалған 7 адам токсикология бөлімінде жатыр. Жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты. Науқастар есін біледі, адекватты. Науқастардың жағдайы жедел интоксикация синдромы мен энцефалопатияға байланысты бағаланған. Гемодинамикалық көрсеткіштер тұрақты", - делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек басқарма мәліметінше, Шахтинск Орталық ауруханасының терапия бөліміне зардап шеккен 4 адам жеткізілген. Олардың біреуі ауруханаға жатудан бас тартып (амбулаторлық емдеуде), тағы бірі амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген. Қалғанының жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

"18 тамыздағы жағдай бойынша облыс бойынша емдеу мекемелерінде зардап шеккен 11 кенші жатыр, екеуі үй жағдайында амбулаторлық бақылауда (барлығы 13 кеншіге медициналық көмек қажет болған)", - делінген ведомство ақпаратында.

"Қазақстан шахтасындағы апат"

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.

Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2032979-qazaqstan-saxtasyndagy-apat-zardap-sekkender-sany-artty/

pixel