Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан" шахтасында апат: тағы бір жұмысшының денесі табылды

Жарияланған күні:

Шахта
Шахта. Көрнекі фото: pixabay.com

"Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огайға сілтеме жасап хабарлады.

"Шахтада авариялық-құтқару жұмыстары түнімен жүргізілді. Сағат 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қазір денені беру шаралары жүріп жатыр.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау бойынша төрт бөлімше жұмыс істеуде, олар авариялық өндірісте температураны түсірумен айналысып жатыр. Қалған жұмысшыларды іздеп-табу үшін тағы үш бөлімше тау-кен шығарындыларын тексеруге жұмылдырылған.

Жұмысшыларымызды жедел іздеп-табу үшін барлық шара қабылданып жатыр", - дейді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.

"Қазақстан шахтасындағы апат"

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.

Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

Сондай-ақ Мақажанов атындағы ауруханаға өрт кезінде зардап шеккен сегіз адам жеткізілгені белгілі болды. Қазіргі таңда шахтерлардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Тағы алты адам токсикология бөлімшесінде.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2032968-qazaqstan-saxtasynda-tagy-bir-adamnyn-denesi-tabyldy/