Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанға шетелден үш банк келсе, кредит пайызы төмендей ме: сарапшы пікір білдірді

Опубликовано:

банкомат
Банкоматта тұрған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Президенттің биылғы жолдауында Қазақстанға үш шетелдік банкті тарту керегі айтылды. Олардың қарапайым қазақстандықтарға қандай пайдасы бар? Бұл жағдай отандық банктердің жұмысына қалай әсер етпек? Осы сұрақтарға белгілі экономист Мақсат Халық жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары кредит, микрокредит алып, оны қайтара алмай, қарызға белшеден батқан қазақстандықтар көбейіп барады. Бұл туралы жолдауда да атап өтілді.

Кредит пайызының жоғары болуына қарамастан азаматтар несие алуын тоқтатқан жоқ. Ал нақты секторды қаржыландыру, яғни, жеке тұлғаларды емес, кәсіп иелерін несиелендіруде отандық банктер құлықсыздық танытуда. Осы орайда мемлекет басшысы Қазақстанға сенімді үш шетелдік банк келетінін айтты. Бұл тапсырма орындалған жағдайда одан Қазақстан экономикасы үшін қандай пайда болатыны туралы сарапшы Мақсат Халық пікір білдірді.

Экономистің айтуынша, шетелдік банктер Қазақстанға екі-үш жыл бұрын келе бастауы керек еді, алайда елге олардың келмеуінің өз себебі бар.

"Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елміз. 2020 жылдан бастап келісім бойынша өзге мемлекеттерден банктер келе бастауы керек еді. Егер бізде қаржы ісін жүргізу тиімді болса, баяғыда-ақ шетелдік банктер бізде жұмыс істеп тұрар еді. Бірақ неге келмей жатыр деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, бұл біздегі қалыптасқан жағдайдың оларға тиімсіз екенін көрсетеді. Біреулер 20 млн ғана халқы бар, нарығы тиімсіз, қызықсыз деуі мүмкін. Бірақ негізгі себеп, меніңше, ақша-несие саясатын жүргізудегі әрекеттер.

Қазіргі уақытта базалық мөлшерлеме - 16,5 пайыз деңгейінде, кез келген шетелден келген банк бірінші кезекте теңге алуы керек. Теңгені 16,5 пайызбен алған банк әрине, несие берген кезде өз тәуекелдерін есептеп, үстіне өз пайызын қосады. Өз елдерінде, мысалы, Еуропада 3-4 пайызбен несие беріп жүрген банк осы жаққа келіп, ондай пайызбен жүмыс жасауға келісім беруі екіталай. Былайша айтқанда осы жақта ақша-несие саясатындағы біраз жұмысты реттеу керек. Бізге шетелдік банктердің келмей тұрғаны, ислам банктерінің келмеуінің негізгі себебі Ұлттық банктің ақша-несие саясатындағы жүргізіп отырған ойын ережесі", - дейді ол.

Сарапшы пікірінше, шетелдік банктер келетін болса, тиімді тұстары көп болады.

"Бірақ несие пайызы қатты түсіп кетеді деген сөз жоқ. Өйткені олар Ұлттық банк қойған талаптарға сәйкес жұмыс жасайды. Шетелден ірі банктер өзінің корпоративтік мәдениетімен келеді. Қазақстан нарығына ойыншы болып келса, отандық банктерде жұмыс жасайтын мамандар сол жаққа ауысуы мүмкін, өйткені олардың еңбек шарты көп жағдайда тиімді болады. Мықты кадрлар үшін таласуы мүмкін. Корпоративтік мәдениетті біздің банктер де өздеріне енгізгісі келеді. Сондықтан оның жалпы қаржы нарығының қызмет сапасын арттыруға әсері бар", - дейді экономист.

Айта кетейік, президент жолдауында қазір Қазақстанда 21 банк бар екені, алайда экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысатынын айтты. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банк тартылатыны белгілі болды.

"Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында 1 трлн теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді", - деді президент.

Мемлекет басшысы банктердің "қозғалыссыз жатқан" 2,3 трлн теңгелік активін экономикалық айналымға қосу үшін алдағы уақытта нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2036124-qazaqstanga-setelden-us-bank-kelse-kredit-paiyzy-arzandai-ma-sarapsy-pikir-bildirdi/

pixel