Қазақстанда қосылған құн салығы көтерілсе азық-түлік пен басқа тауарлар қымбаттай ма
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкіметте өткен брифингте вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанда қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін азық-түлік пен басқа да тауарлардың қаншалықты қымбаттайтынын туралы журналистердің сұрағына жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Әрине, әсер етеді (бағаның өсуіне – ред. ескертпесі), түрлі салаға әртүрлі. Ставканың көтерілуі бір кәсіпорынның орташа жүктемесіне тек 4 пайыз деп есептедік – бұл бір кәсіпорынның өзіне есептелген, бірақ, түпкі тұтынушы бағаның өскенін сөзсіз сезінеді.
Біз инфляция дәлізін есептедік – 4,5 пайызға дейін өсуі мүмкін. Біз бұл өсімді осы қосымша қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға жұмсау арқылы өтеуіміз керек. Бұл күрделі экономика, бұл қарапайым заттардың экономикасы, т.б. Бірақ қазақстандық бизнес бәсекеге қабілетті болады, себебі ставка біркелкі болады және экспорттау кезінде ҚҚС қайтарылады. Барлық модель өсімнің қысқа мерзімді болатынын көрсетеді", - деді Жұманғарин.
Сонымен қатар ол халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағаның өсуін реттейтін шаралар қолданылатынын айтты.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда Тоқаев қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарнасын төмендетіп, қосылған құн салығын көтеруді ұсынды.
Осы ретте премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгінде тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеушінің ішінде 137 700 кәсіпкерлік субъектісі ғана ҚҚС төлеушілер екенін атап өтті.
"Бұл жалпыдан 6 пайызы ғана. Олардың 88 мыңы ғана ҚҚС төлейді, немесе салық төлеушілердің 4 пайызы. Оның бір себебі – ҚҚС бойынша тіркеудің шегі жоғары. Қазіргі кезде ол – 78 млн теңге. Біз қосылған құн салығы шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отырмыз. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес субъектілерінің 88 пайызы осы шекте жұмыс істейді. Сондықтан бұл сегментке айтарлықтай әсер етпейді деп есептейміз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде шек одан да төмен, ал кейбір жетекші экономикаларда ол тіпті нөлге тең. Осының арқасында ҚҚС есепке алынатын салыққа айналады. Қосымша 300 мың жаңа салық төлеуші пайда болады", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2215904-qazaqstanda-qosylgan-qun-salygy-koterilse-azyq-tulik-pen-basqa-tauarlar-qymbattai-ma/