Бүгін президенттікке кандидаттарды ұсынудың соңғы күні: Құжат тапсырып үлгерген кімдер
Жарияланған күні:
Бүгін, 11 қазан сағат 18:00-де Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну аяқталады. Орталық сайлау комиссиясына бүгінге дейін тіркеліп үлгергендер туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқып біліңіз.
Қыркүйек айында жарияланған сайлауалды іс-шаралар кестесіне сәйкес, президенттікке кандидаттарға ОСК-ға құжат тапсыру үшін 11 күн уақыт берілді. Еске сала кетсек, кандидаттықты ұсыну 23 қыркүйекте басталған болатын.
Қазіргі сәтке, яғни, 11 қазан түске дейін жеті кандидат ОСК-ға құжат тапсырды.
Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан президенттігіне кандидаттығын бірінші болып ұсынған "Аманат" кәсіподақтар достастығының мүшесі Мейрам Қажыкен. ОСК оның кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келетінін жариялады.
Одан кейін Орталық сайлау комиссиясына Жигули Дайрабаевты "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы құжат ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы оны да барлық талаптарға сай кандидат деп таныды.
7 қазанда оппозициядан кандидат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев құжат тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы оны президенттікке кандидаттарға қойылатын талапқа сай деп таныды.
Сол күні Орталық сайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құжатын қабылдады. Оны бірнеше партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден құралған Халықтық коалиция ұсынды. 8 қазанда Орталық сайлау комиссиясы Тоқаевтың Конституция мен "Сайлау туралы" заң талаптарына сай екенін хабарлады.
Алдағы президенттік сайлауға әйелдер де түседі. 7 қазанда "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" РҚБ президенттікке кандидат ретінде Қарақат Әбденді ұсынды. Бүгін ОСК оны кандидаттарға қойылатын барлық талапқа сай деп таныды.
Мемлекет басшысы лауазымына Талғат Ерғалиев та таласады. Оны Қазақстан құрылысшылар одағы ұсынған. Ерғалиев те ОСК-ға құжат тапсырып қойған. Ол 2019 жылы өткен президенттік сайлауға қатысқан.
Кеше, 10 қазанда "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі президенттікке кандидат ретінде Жұматай Әлиевті ұсынды. Кандидат Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырды. Әлиев Ерғалиев сияқты 2019 жылы өткен сайлауда Қазақстан президенттігіне өз кандидатурасын ұсынған.
Бүгін "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық ұйымы президенттікке кандидат ретінде тағы бір әйел – құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекованы ұсынды. Тұрсынбекова әлі ОСК-ға құжат тапсырған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1992106-bugin-prezidenttikke-kandidattardy-usynudyn-songy-kuni-quzat-tapsyryp-ulgergen-kimder/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.