Алматыда хостелде болған өрт: Тоқаев қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы хостелде қаза тапқан марқұмдардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлйды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
"Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды", - делінген хабарламада.
Алматы қаласындағы хостелде болған өрт
Бүгін, 30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өрттен зардап шеккен тағы екі адамның Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді.
Қайғылы оқиға болған жерге Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев пен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев келді.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алғашқы рейспен төтенше жағдай болған Алматыға ұшып келетіні белгілі болды.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Кейін қалалық полиця департаменті хостелде қаза тапқан барлық азаматтың жеке басы анықталғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2048448-almatydagy-xosteldegi-ort-toqaev-marqumdardyn-tugan-tuystaryna-konil-aitty/