Смайылов: Алматыда адамдардың өліміне әкеп соққан қайғылы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды
Жарияланған күні:
Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматы қаласындағы хостелде болған өрттен қаза тапқан азаматтардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды үкімет Telegram-дағы ресми арнасында.
"Алматыда адамдардың өліміне әкеп соққан қайғылы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды.
Үкімет орын алған оқиғаның себептерін анықтау үшін барлық шараны қабылдайды, кінәлілер жауапқа тартылатын болады", - деді үкімет басшысы.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, қайғылы жағдайдан зардап шеккен және қаза болған барлық адамның отбасыларына көмек көрсетіледі.
"Марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге тезірек сауығып кетулерін тілеймін", - деді Әлихан Смайылов.
Алматы қаласындағы хостелде болған өрт
Бүгін, 30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өрттен зардап шеккен тағы екі адамның Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді.
Қайғылы оқиға болған жерге Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев пен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев келді.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алғашқы рейспен төтенше жағдай болған Алматыға ұшып келетіні белгілі болды.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Кейін қалалық полиця департаменті хостелде қаза тапқан барлық азаматтың жеке басы анықталғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2048462-smaiylov-almatyda-adamdardyn-olimine-akep-soqqan-qaigyly-zagdai-barimizdin-qabyrgamyzdy-qaiystyrdy/