"Крокус Сити Холл" ғимаратында болған теракт: премьер-министр қаза тапқандарға көңіл айтты
Жарияланған күні:
Бүгін Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Астанадағы Ресей Федерациясының елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы үкіметінің ресми Telegram арнасы.
Ведомство ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Астана қаласындағы Ресей Федерациясының елшілігіне барып, Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" ойын-сауық кешенінде жасалған лаңкестік әрекетке байланысты көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Бұған дейін Қазақстан үкіметінің басшысы Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге және қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдіретіні жайлы телеграмма жолдаған.
Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холлда" болған теракт
22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оқиғаның видеосын жариялаған. Оқиға орнында жарылыс болғаны да хабарланды.
Ресейдің Тергеу комитеті атыстан 115 адам қаза тапқанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін мәлім етті.
Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметі басшысы Александр Бортников Владимир Путинге ғимаратына террорлық шабуыл жасаған 11 адамның, оның ішінде Крокус-Сити Холлдағы терактіге тікелей қатысы бар төрт террористің де ұсталғаны туралы баяндады.
Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.
23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізді.
Кейін Владимир Путин қайғылы оқиғадан кейін ресейліктерге видеоүндеу жасады. Ресейде 24 наурыз ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2072742-krokus-siti-xoll-gimaratynda-bolgan-terakt-premer-ministr-qaza-tapqandarga-konil-aitty/