Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі депутат мемлекеттік туды қорлағаны үшін "Ирина Кайратовна" тобын жазалауды талап етті

Опубликовано:

Нұртөре Жүсіп
Нұртөре Жүсіп. Фото: egemen.kz

Сенатор Нұртөре Жүсіп палатаның жалпы отырысында Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қорлағаны үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды. Мұндай ұсынысты ол "Ирина Кайратовна" тобының концертіндегі шуға байланысты жасаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұртөре Жүсіп премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

"Жақында Алматыдағы спорт сарайында өте жағымсыз оқиға тіркелді. "Ирина Кайратовна" жастар тобы мен әнші Shiza концертінде (көрермендер - ред.) өте өрескел әрекеттің куәсі болды. Олар (әртістер-ред.) Қазақстанның туын келемеждеп, балағат, бейәдеп сөздер айтты", - деді депутат.

Сенатор осыдан кейін әншілердің бірі тек кешірім сұрап, айыппұл төлегенін айтты. Бірақ депутат бұл аз деп есептейді.

"Қылмыстық кодекстің 372-ші бабы бойынша "Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Әдетте концертті кімдер ұйымдастырды? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мына мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды", - деді депутат.

Сенатор мұндай оқиғалар үшін жауапкершілікті қатаңдату маңызды екенін баса айтты.

Ол шығармашылық еркіндігі жауапсыздықты білдірмейді, ал мемлекет ұлттық құндылықтарды белсенді қорғауы керек деп атап өтті.

"Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және аймақтық Көркемдік кеңестер құрылуы керек. Бұқаралық мәдени шараларды өткізу мен жүргізу талаптарына халықтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтау мен сыйлау ережелерін енгізуді ұсынамын. Осы талаптарды бұзған шығармашыл ұйымдар мен әншілердің қызметіне 5 жылға дейін шектеу қойылуы тиіс", - деді сенатор.

Еске сала кетейік, 25 мамырда Алматыда өткен "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza лақап атымен танымал рэпердің концерті қоғамда үлкен дау тудырды. Нақтырақ айтсақ, әртістердің сахнада өз-өзін ұстауы, көк туға деген құрметі халықтың ашуына тиді.

Бұл жайтқа қатысты мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдіріп, бұған концертке алкоголь ішіп шығу себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Одан бөлек бұл жайтқа қатысты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та пікір білдіріп, өзі басқаратын ведомство мән-жайдан хабардар екенін жеткізді.

Шулы оқиғадан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлайтынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972230-belgili-deputat-memlekettik-tudy-qorlagany-usin-irina-kairatovna-tobyn-zazalaudy-talap-etti/

pixel