Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде сахнаға мас күйде шығатын әртістерге салынатын айыппұл мөлшері артуы мүмкін

Опубликовано:

Мас күйдегі әртістерге айыппұл салынады
Скриншот: YouTube / Nartay Aralbayuli

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында концерт ұйымдастырушылары мен мас күйде өнер көрсететін қазақстандық әртістерге салынатын айыппұл мөлшерін талқылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жүргізуші "Ирина Қайратовна" тобымен болған соңғы оқиғадан кейін қоғамнан министрлік тарапына әртістерге лицензия енгізу және сахнаға мас күйде шықса лицензиясынан айыру туралы ұсыныс түскенін еске салды. Жұртшылық мас күйде өнер көрсеткен әртістерді бес жыл сахнада өнер көрсету мүмкіндігінен айыру керек деп есептейді.

"Бұл мүмкін бе" деп сұраған Аралбайұлына министр Абаев "Ал сен қалай ойлайсың?" – деп сұраққа сұрақпен жауап берді. Қысқа ғана жауап қайырған жүргізуші: "Менің ойымша, бұл мүмкін емес" деді.

Әрі қарай ведомство басшысы журналистің пікірімен неліктен келісетіндігін түсіндірді.

"Менің ойымша, "былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының" кебін кимес үшін ақылға қонымды тәсіл керек. Әртістермен қатар концерт ұйымдастырушыларының да жауапкершілігін арттыру қажет. Концерт ұйымдастырушылары мен әртістерге концерт үшін берілетін гонорар мөлшерінде айыппұл мөлшерін арттыру туралы норманы талқылаудамыз.

Қазір сахнада мас күйде өнер көрсеткен әртістерге салынатын айыппұл мөлшері көшеде мас күйде жүрген адамның айыппұлымен тең. Егер біз айыппұл мөлшерін концерт үшін берілетін гонорар деңгейіне дейін өсірсек, бұл оларды өз-өздерін бақылауға ұстауға ынталандырады", – деді министр.

Бірақ Абаевтың айтуынша, бес жылға сахнада өнер көрсету құқығынан айыру жазасы қарастырылып жатқан жоқ.

Еске сала кетейік, 25 мамырда Алматыда өткен "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza лақап атымен танымал рэпердің концерті қоғамда үлкен дау тудырды. Нақтырақ айтсақ, әртістердің сахнада өз-өзін ұстауы, көк туға деген құрметі халықтың ашуына тиді.

Бұл жайтқа қатысты мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдіріп, бұған концертке алкоголь ішіп шығу себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Одан бөлек болған оқиғаға қатысты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та пікір білдіріп, өзі басқаратын ведомство мән-жайдан хабардар екенін жеткізді.

Шулы оқиғадан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлайтынын мәлімдеді.

Cонымен қатар сенатор Нұртөре Жүсіп палатаның жалпы отырысында мемлекеттік туды қорлағаны үшін "Ирина Кайратовна" тобын жазалауды талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977904-elimizde-saxnaga-mas-kuide-sygatyn-artisterge-salynatyn-aiyppul-molseri-artuy-mumkin/

pixel