Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресеймен шекаралас Жайсаң бекетіндегі жағдай қалай: KAZ.NUR.KZ тілшісі ахуалмен танысып қайтты

Опубликовано:

шекарадағы жолаушылар
Ресеймен шекаралас Жайсаң бекеті. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі соңғы күндері Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстанға кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын хабарлады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбе облысының Ресеймен шекаралас Жайсаң бекетіне арнайы барып, ондағы ахуалмен танысып қайтты.

Шекарада Қазан, Уфа, Самара қалаларынан келушілер саны көбейген. Өткізу бекетінде көлік ағыны да, жаяу жүргіншілер саны да әдеттегіден көп. Әсіресе 20-35 жас аралығындағы ер адамдардың легімен өтіп жатқаны байқалады. Шекарада такси қызметінің саудасы да қызып тұр. Адам басына қалаға дейін 7 мың теңгеден алып жатыр.

Жайсаң шекара бекетіне барар жол
Жайсаң шекара бекетіне барар жол. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ал келушілердің дені өздерінің турист екенін айтады. Сұхбат беруге келіскенімен, есімдерін жасырын қалдыруды сұрады.

"24 жастамын. Петропавл қаласында тұратын туысыма уақытша келдім. Қасымда досым бар. Қалаға жету үшін (Петропавл - ред.) такси ұстамадым, таныстарым күтіп алады. Қазақстанға қыдырып келуді көптен ойлап жүр едім, мен бұл жақта тек бала күнімде болдым", - дейді атын жасырын қалдыруды сұраған жігіт.

елге келіп жатқан туристер
Ресеймен шекаралас Жайсаң бекеті. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Тағы бір ресейлік азамат елордаға жол тартатындарын жеткізді.

"Бұл жаққа турист ретінде келдік, әрі қарай Астана қаласына барамыз. Ондағы әдемі жерді көргіміз келеді. Сондай-ақ мұнда банк картасын алғымыз келеді. Бізде санкцияға байланысты банк картасында проблемалар бар. Кейін қайта қайтамыз, уақытша келдік", - дейді 25 жастағы жігіт.

Сондай-ақ ол Ақтөбе қаласынан кең пәтерді төрт адам болып, тәулігіне 20 мың теңгеге жалдағандарын атап өтті.

Ресеймен шекаралас Жайсаң бекетіндегі жолаушылар
Ресеймен шекаралас Жайсаң бекеті. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Тағы бір ресейлік азамат жағдай тұрақталғанша Ақтөбеде қалатынын айтады. Ал шекарадан өту аса қиындық тудырмаған.

"Шекарадан өтуде қиындық болған жоқ. Уфадан осында жеткенше шамамен 15 сағаттай уақыт кетті. Осы жерден қалаға дейін (Ақтөбе-ред.) жету үшін 2000 рубльге такси таптық. Әзірге пәтер таппадық, Ақтөбеге жетіп алайық, сосын қарастырамыз", - дейді Андрей есімді турист.

Туристер шекараның Ресей жақ бөлігінде көліктер 3-4 шақырым жерге дейін кезекте тұрғанын да айта кетті. Шекарадан өткенде қиындыққа кезікпеген.

Шекарадағы сауда дүкенінің иесі де мигранттар санынын артқанын жеткізді.

Шекарадан өткен жолаушылар
Ресеймен шекаралас Жайсаң бекеті. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Шекарада кафе, магазиніміз бар. Иә, соңғы күндері мигранттар саны көбейді. Дені жастар. Татар, ұйғыр, өзбек, орыс ұлтының өкілдері бар. Телефонға SIМ карта алып жатыр. Қай қалада тұру ыңғайлы деп сұрап жатыр", - дейді кәсіпкер Әсем Оразова.

Ал Қарғалы ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Ержан Есенбаев Ресеймен шекаралас тағы бір бекет Әлімбет өткізу пунктіндегі жағдай тұрақты екенін айтады. Оның сөзінше, 22 қыркүйектен 23-не қараған түні Ресейден елге 834 адам мен 216 көлік кірген.

"Оның ішінде жеңіл көлік, жүк көліктері бар. Біздің тарапымыздан Ресейге 200-дей көлік кірген. Дүрлігу жоқ. Әлімбет бекеті негізінен жүк көліктерін тасымалы бағытында жұмыс істейді", - дейді Қарғалы ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Ержан Есенбаев.

шекара бекетінде тұрған жолаушылар
Ресеймен шекаралас Жайсаң бекеті. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ресейліктерге үндеу жасап, елде ішінара мобилизация жариялады.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Қазақстан-Ресей шекарасында ұзын-сонар тізіліп тұрған көліктердің фото-видеосы пайда болды.

Одан бөлек желіде Мәскеу-Алматы бағыты бойынша әуе билеттерінің күрт қымбаттағаны туралы да ақпарат тарады.

23 қыркүйекте еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасындағы ахуалға қатысты пікір білдіріп, Қазақстанға кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын хабарлады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы күндері Ресейден Қазақстанға көлік ағыны 20 пайызға артқан.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1989412-reseimen-sekaralas-zaisan-beketindegi-zagdai-qalai-kaznurkz-tilsisi-axualmen-tanysyp-qaitty-foto/

pixel