Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылдан бастап елімізде қандай өзгерістер болады

Опубликовано:

күнтізбе
Күнтізбе. Көрнекі фото: pixabay.com

Санаулы күндерден соң жаңа 2023 жылға аяқ басамыз. Келер жыл қазақстандықтар үшін жаңашылдықтарға толы болмақ. KAZ.NUR.KZ тілшісі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтарды күтіп тұрған өзгерістерді тізіп шықты.

Зейнетақы өседі

Елімізде ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы 2023 жылдан бастап 40 567 теңгені құрайды. Бұған қоса базалық зейнетақы мөлшерін біртіндеп ЕКД көлемінен 70 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Мәселен, бірінші кезеңде 2023 жылдан бастап күнкөріс деңгейінің 60 пайызын құрайтын болады, яғни 24 341 теңге болуға тиіс.

Ең төменгі зейнетақы көлемі (1998 жылға дейін толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар үшін ортақ зейнетақы төлемі) жоспарланғандай, келесі жылдан бастап 53 076 теңгені құрайды, бұл сома былтырғы жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға артық. Сол сияқты жас бойынша бекітілген зейнетақы төлемдері мен сол жасқа жету бойынша төленетін төлем 10,5 пайызға артады.

Айлық есептік көрсеткіш көлемі ұлғаяды

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрайды.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап АЕК-тің екі мөлшері қолданылып жүр. Алғашқысы жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді (3 180 теңге) төлеуге пайдаланса, екіншісі – айыппұлдар мен салық және басқа да төлемдер үшін қолданылады (3 063 теңге).

Ал жаңа жылдан бастап сәуірде енгізілген көрсеткішке қарағанда 8,5 пайызға артық болатын бірыңғай сома қолданысқа енгізілетін болады. Осылайша, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл мен салық және т.б. төлемдер мөлшері ұлғаятын болады.

Бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жылға дейін ұзарады

Ата-аналар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларымен ұзағырақ уақыт өткізуге мүмкіндік алады. Еңбек министрлігі атап өткендей, бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайту жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға қолданылатын болады. Бұл қадамды іске асыру шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс істемейтін аналар үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруға қосымша қажеттілік бойынша есептеулер дайындады. Аталған мақсатқа республикалық бюджетте қосымша 183,5 миллиард теңге қарастырылатын болады.

Өрт сөндірушілердің жалақысы ұлғаяды

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндірушілердің жалақысын 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайыздан 70 пайызға дейін көтеру жоспарлануда. 70 пайыз - қатардағы қызметкер үшін, қызметке енді ғана кірісіп жатқандар үшін ең жоғары өсім. Ал 10 пайыз өсім - басшылық құрамдағы қызметкерлерге, яғни оған өрт сөндіру қызметінің басшылары, төтенше жағдайлар қызметінің бастықтары жатады.

Юрий Ильиннің сөзінше, қазір өрт сөндірушілер кемінде 110 000 теңге айлық алады.

Еліміздегі барлық дерлік мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың республикалық тамыз конференциясында айтқан.

"Келесі жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Біз осыған қатысты шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына, оның орынбасарларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерге қатысты. Мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларының қасында болуы керек деп есептейміз. Бұл оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады", – деген еді Асхат Аймағамбетов.

Қазақстан мектептері кезең-кезеңмен 12 жылдық білім беруге көшеді

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтқан болатын.

"Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделіп отыр. Ол үшін біз өте ауқымды жұмыс атқаруымыз керек", - деген еді Аймағамбетов.

Осыған орй мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары да жаңартылады.

Мұғалімдердің жалақысы тағы да өседі

Қазақстандағы педагогтердің жалақысы 2023 жылы қаңтардан бастап тағы 25 пайызға артады. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады.

Айта кетейік, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен педагогтердің жалақысы 2020 жылдың қаңтарында 25 пайызға, 2021 жылдың қаңтарында тағы 25 пайызға өскен болатын.

Мобильді аударымдар туралы мәлімет салық органдарына беріле бастайды

2023 жылы банктер салық органдарына тек шенеуніктердің ақша аударымдары туралы ғана ақпарат бере бастайды. Еске сала кетейік, 2022 жылдың 15 сәуірінде кезең-кезеңімен жүзеге асатын, салық органы кәсіпкерлік қызметтен табыс алатын адамдар туралы ақпарат сұрап, тексеретін заң күшіне енді. Мәліметтерді беру 2023 жылы басталады және тек қана мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлерге қатысты. Мәліметтер үш ай қатарынан әртүрлі адамдардан айына 100-ден астам аударым алса ғана беріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000635-zana-zyldan-bastap-elimizde-ne-ozgeredi/

pixel