Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік ауыл мұғалімі сүйектен түрлі бұйым жасап, оқушыларды қолөнерге баулып жүр

Опубликовано:

Қолөнер шебері
Бірлік Сұлтан өз қолынан шыққан туындыларын таныстыруда. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Талдысай ауылының тұрғыны Бірлік Сұлтан өңірдегі танымал шеберлердің бірі. Ол қазақ халқының сүйек өңдеу, әрлеу өнерін қолға алған. Шебер ауылдағы орта мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. Сабақтан бөлек қосымша үйірме жүргізеді. Ақтөбелік ұстаздың қолынан шыққан малдың сүйегінен дайындалатын ерекше кәдесыйларға сұраныс көп, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шәкірт шыңдап жүрген шебердің туындылары көздің жауын алады. Ұстаз бұл өнерді ауылда 20-ға жуық оқушыға үйретіпті.

"Сүйекпен жұмыс істеу мектеп бағдарламасында жоқ. Қызығушылығы бар балаларға қосымша үйірмелерде үйретемін. Сүйекпен жұмыс істеуге ер балалардың ғана емес қыздардың да қызығушылығы жоғары. Білгенімді балаларға көрсетіп жүрмін. 2017-2018 жылы бір оқушыны дайындадым. Республикалық байқауға дейін жетіп, екінші орын алды", - дейді еңбек пәнінің мұғалімі Бірлік Сұлтан.

Бірлік Сұлтан
Ақтөбелік қолөнер шебері. Бірлік Сұлтан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шеберхана сөресінде жылқының тұяғынан дайындалған музықалық аспап, сүйекпен безендірілген ертоқым, ешкінің сүйегінен жасалған пышақтың қыны, сиыр мүйізінен дайындалған балық, сүйектен дайындалған жауқазынға дейін бар. Жылқының қарақұсынан дайындалған мүсіннің екі жағы екі түрлі мән береді. Бір жағынан сиырды, екінші жағынан қараса қойды көруге болады.

Сүйектен жасалған қолөнер бұйымдары
Сүйектен жасалған қолөнер бұйымдары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Сүйекті, ағашты ойып, пайдаға жарату - қазақ халқының ұлттық өнерінің бірі. Ата-бабамыз ештеңені тастамай, пайдаға жаратқан, тұрмыстық бұйымдарды сүйекпен әрлеген. Үйде сойған малдың сүйегін жинап қоямын. Кейін оны қайнатып, майын тазартып, негізгі пішінін бұзбай, формаға келтіреміз. Әбден болған соң лак жағамыз. Негізгі сүйек түсін сақтаймыз. Өзіме сүйекпен жұмыс істеу ұнайды", - дейді шебер әр туындысын таныстырып.

Бірлік Сұлтан
Бірлік Сұлтан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бірлік Сұлтан 1992 жылы Моңғолия елінен көшіп келген. Сол жақта мектеп бітіріп, Ақтөбедегі жоғары оқу орнына түскен. Кейін Қобда ауданындағы Бұлақ негізгі мектебінен еңбек жолын бастаған. Қазір аудандағы Талдысай мектебінің мұғалімі.

Сүйектен жасалған қолөнер бұйымдары
Сүйектен жасалған қолөнер бұйымдары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Арнайы тапсырыс беретіндер жоқ емес. Әсіресе шетелге шығатындар қазақы нақышта, осы өңірде дайындалған бұйым іздейді. Соңғы кездері ұлттық нақыштағы қазақы өнерге сұраныс жоғары", - дейді шебер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010087-aqtobelik-auyl-mugalimi-suiekten-turli-buiym-zasap-onerin-oqusylaryna-uiretude-foto-video/

pixel