Депутат Сүлейменова: Тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы қажет
Жарияланған күні:
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық туралы заң жобасын шұғыл түрде мәжіліске енгізуді талап етті. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Сүлейменова зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қылмыс деп танитын уақыт жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сүлейменова сауалында қоғамда резонанс туғызған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісіне тоқталып, әйел мен балаға жасалған зорлық-зомбылық үшін қатаң жазалау механизмдерін қолға алуды талап етті. Бұл үшін ол тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдайтын жауапты мемлекеттік органды бекітіп, әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ажырасқан әйелдерге алиментті уақытылы төлеуге бағытталған нақты механизмдерді айқындайтын мемлекеттік саясатты бекітуді сұрады.
"Отбасылық зорлық-зомбылық, қатігездік, патриархалдық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан дауысын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз (...).
Мемлекет басшысы отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді, ондай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын деген болатын. "Аманат" партиясы фракциясы қыркүйекте осы тапсырманы орындау мақсатында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне, балалардың құқығын қорғау және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң жобасын" шұғыл түрде әзірледі.
Заң жобасы зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану, педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесу, жалпы жаза пен жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастырады. Өкініштісі сол түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске енген жоқ", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, 2021 жылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен, ал олардың 39 пайызы ғана екі сағаттан үш тәулікке дейін әкімшілік жазамен құтылып кеткен. Сол себепті ол жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықтың өзін қылмыс деп тануы қажет екенін жеткізді.
"Тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы қажет. Әйел мен балаға зорлық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды, ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақысы жоқ. Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз", - деді ол.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро орталығының" директоры да қамауға алынғанын жазған едік.
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045845-deputat-suleimenova-tipti-zenil-turdegi-zorlyq-zombylyq-qylmys-dep-tanyluy-qazet/