Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы әкімдігі өртенген хостел кімге тиесілі екенін хабарлады

Опубликовано:

Хостелдегі өрт
Хостелдегі өрт. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Құлтай

Алматы әкімдігі өртенген ғимараттың иесі "КУСА Халык" ЖШС, ал жалға алушы – ALA Hostel ЖШС екенін мәлімдеді. Ведомство Telegram арнасындағы ақпаратқа сәйкес, нысан 1,5 ай бұрын хостел ретінде жасақталған.

"Ғимараттың иесі - "КУСА Халык" ЖШС. Жалға алушы – ALA Hostel ЖШС, жалдау жөніндегі келісім шарт 21.09.2023 жылы жасалған.

Жер учаскесінің нысаналы мақсаты: дүкенді пайдалану және қызмет көрсету үшін. Бұл нысан бір жарым ай бұрын хостелге айналды. Хостел алаңы 457 шаршы метрді құрайды", - делінген хабарламада.

Әкімдік "ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына сәйкес үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керектігін атап өтті.

Бұл ретте Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкеннен хостелге функционалдық мақсаты өзгерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін орындауы қажет.

"Хостелді жертөле және жертөле қабаттарында орналастыруға санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 23-тармағына сәйкес тыйым салынады.

Осылайша, жоғарыда аталған мекенжай бойынша хостел санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, заңсыз орналасқан", - деп қорытындылады әкімдік.

Алматыдағы хостелде шыққан өрт

Айта кетейік, 30 қарашада сағат 05:33-те Алматы қаласы Ади Шәріпов көшесіндегі жатақханадан өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 2 адамның Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеген еді.

Қайғылы оқиға болған жерге Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев пен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев келді.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алғашқы рейспен төтенше жағдай болған Алматыға ұшып келетіні белгілі болды.

Алматы қаласындағы хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Қалалық ПД Алматыдағы хостелде қаза тапқан барлық азаматтың жеке басы анықталғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048423-almaty-akimdigi-ortengen-xosteldin-iesi-kim-ekenin-xabarlady/

pixel