Алматыдағы хостелде өрт кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының отбасына 1 млн теңгеден бөлінеді
Жарияланған күні:
Алматыдағы хостелде өрт кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының отбасына 1 млн теңгеден бөлінеді. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі Telegram-дағы ресми арнасында.
Айдар Жақыбаевтың айтуынша, өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі, тиісті тапсырманы қала басшысы Ерболат Досаев берген.
"Қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетін болады.
Сондай-ақ бұрын айтылғандай, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша әкімдік қаза тапқандардың денелерін көрсетілген жерлерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға жәрдемдесетін болады.
Бұдан басқа, жерлеу процесін қоса алғанда, Алматы қаласының аумағында жерлеуді ұйымдастыруға толық жәрдем жасалады", - деді Айдар Жақыбаев.
Оның сөзінше, ал қаза тапқан шетел азаматтарының отбасыларына марқұмдардың денесін жерлеу орындарына дейін тасымалдауға көмек көрсетілетін болады.
Алматыдағы хостелде болған өрт
Бүгін, 30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өрттен зардап шеккен тағы екі адамның Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді.
Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048503-almatydagy-xostelde-ort-kezinde-qaza-tapqan-qazaqstan-azamattarynyn-otbasylaryna-1-mln-tengeden-bolinedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.