"Татуласу болған жоқ": Салтанат Нүкенованың отбасының адвокаты іске қатысты алғаш рет пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русскомСалтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші тараптың мүддесін қорғап жүрген қазақстандық адвокат Жанна Уразбахова алғаш рет көпшілік алдында пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ адвокаттың Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жанна Уразбахова атышулы істің барысы туралы Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, Салтанат Нүкенова қайтыс болғаннан бері әріптесі Игорь Вранцев екеуі де бұл іске қатысты пікір білдірмеген.
"Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері брифингте журналистерге ақпарат берді, біз бұл туралы түсінік бермедік.
Сондай-ақ алғашқы күннен-ақ кейбір блогерлер мен журналистер тарапынан көптеген қауесеттер, болжамдар мен нұсқаларға да ештеңе демедік.
Салтанатты еске алып, осы лас тірліктің бәріне мән бермейміз. Бірақ маңызды деп санайтыным, ешқандай татуласу болмаған және болмайды да. Бұл - Нүкеновтер отбасының ұстанымы", – дейді ол.
Бұл ретте адвокат тергеудің неге ұзаққа созылып жатқанын түсіндірді.
"Көп адам тергеуге неге сонша ұзаққ уақыт кетеді деп сұрайды. Түсіндіре кетейін, бұндай санаттағы (адамға қарсы) қылмыстардың кез келгені бірнеше сараптаманы қажет етеді. Тіпті өлтірген адам оқиға орнында ұсталса да. Тергеу сараптамалардан бөлек, тергеу адамның кінәсін дәлелдеуге міндетті. Тергеу амалдары, жауап алу, беттестіру, дәлелдемелерді жинау, бейнежазбаларды талдау, телефон қоңыраулары, хат алмасу, қимыл-қозғалыс мәліметтерін талдау арқылы бұның бәрі жүзеге асырылады", - деді Уразбахова.
Оның айтуынша, қазір 10-нан астам сот-медициналық сараптама жүргізіліп, бірқатары әлі жалғасуда. Аталған факті бойынша Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша тергелуде.
"Жоғарыда аталған қылмыс 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады. Тергеу аяқтала салысымен тергеуші күдіктіге қатысты түпкілікті сараптама жасайды...
Қарау қорытындысы бойынша қорғаушылар өз ұсыныстарын дайындайды. Оларды қарағаннан кейін істі қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу үшін қайта бастау немесе істі прокуратураға жіберу туралы шешім қабылданады. Прокурор істі қайтадан қарап, сотқа жіберу немесе істі қосымша тергеуге қайтару туралы шешім шығарады. Бұл - ұзақ процесс. Көп нюанс бар", - деді адвокат.
Сондай-ақ Нүкеновтер отбасының адвокаты жұртшылықты алаңдататын тағы бір сұрақ шешім қабылдау кезінде Бишімбаевтың бұрын соттылығы ескеріле ме, жоқ па деген сұраққа жауап берді.
"Әрине! Бұрын күдіктінің ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғанын еске сала кетейін. Күдіктінің бірінші соттылығы бойынша үкімі толық өтелмегендіктен, соттылық әлі жойылмаған... Жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде қарастыруы керек.
Сондай-ақ ерекше ауыр қылмыстар бойынша сотталушының алқабилер сотын талап етуге құқығы бар екенін түсіндіргім келеді. Оқиға бұлай да дамуы мүмкін", - деді Жанна Уразбахова.
Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша бірден 12 сараптама тағайындалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052502-tatulasu-bolgan-zoq-saltanat-nukenovanyn-otbasynyn-advokaty-iske-qatysty-algas-ret-pikir-bildirdi/