Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күшті жер сілкінісі болмайды": сейсмолог Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжам айтты

Жарияланған күні:

Сейсмограф
Сейсмограф. Көрнекі фото: Furchin/Getty Images

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін деген болжамға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Біз 100-ден астам афтершок тіркедік, тұрғындар оның бесеуін ғана сезді. Бұл қашанға дейін жалғасуы мүмкін... егер Түркияда былтыр болған жер сілкінісін алсақ, афтершоктар бүгінгі таңда да сезіліп жатыр. Сирияда да болып жатыр.

Күшті жер сілкінісі болмайды деп жүз пайыз сеніммен айта аламын. Афтершоктар да болмайды, олар да сейіліп, басылады, ешқандай қауіп жоқ. Тұрғындар жер асты дүмпуін сезсе, ең алдымен жер сілкінісі кезіндегі әрекет ету ережелерін білуі керек", - дейді сейсмолог.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жер сілкіністері

Еске салайық, бүгін түнде Алматыда жер сілкінісі тіркелді. ТЖД ақпаратынша, жер асты дүмпулерінің магнитудасы – 6,7. Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген.

Желіде тұрғындар жер сілкінісінен соң жаппай көшеге шығып жатқаны көрсетілген видеолар тарады.

Кейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар, сондай-ақ ғимараттардың қирауы туралы ақпарат келіп түспегенін хабарлады. Сондай-ақ ол азаматтардан қауіпсіз жерге шығуды сұрады.

Сонымен бірге Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қалада тағы да жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Оның сөзінше, зілзала магнитудасы 2-3 болған.

Бұдан бөлек, Атығаев желіде тарап жатқан таңғы сағат бесте жер сілкінісі қайталанатыны туралы хабарды жоққа шығарды.

Ал Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап, кептеліс болдырмау мақсатында патрульдік полиция инспекторлары қолмен реттеуге көшті.

Одан бөлек, Алматы әкімдігі қалада жер сілкінісі салдарынан қирау фактілері болды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев қалада жақын уақытта жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін хабарлады. Оның айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары сезінген жер сілкіністері афтершок болып табылады. Мұны Орталық Азияның барлық дерлік елі сезінген.

Қалалық ТЖД жер сілкінісіне байланысты 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Мегаполис басшысы Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізгені, онда одан әрі іс-қимыл жоспары талқыланып жатқаны хабарланды.

Қалалық білім басқармасы қала мектептері мен колледждерінде түні бойы халықты қабылдау пункттері жұмыс істеуіне байланысты 23 қаңтарда бірінші ауысымдағы сабақтар болмайтынын хабарлады.

Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізді. Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейтіні айтылды.

Сондай-ақ қаңтардың 23-і таңертең Алматы облысында тағы бір жер сілкінісі тіркелген – Алматыда жер сілкінісі 2-3 балл шамасында болғаны сезілді.

Айта кетсек, бастапқыда Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бүгін түнде болған жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ екенін, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Кейін жер сілкінісі салдарынан 8 адам зардап шеккені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056969-kusti-zer-silkinisi-bolmaidy-seismolog-almatydagy-zer-silkinisine-qatysty-bolzam-aitty/