Бишімбаев ісі: ішкі істер министрі іс жақын арада сотқа жіберілетінін хабарлады
Жарияланған күні:
Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қуандық Бишімбаевқа қатысты істі тергеу аяқталғанын, жақын арада сотқа жіберілетінін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Қазір танысу үстінде (іспен - ред. ескертпесі), сәйкесінше, содан кейін сотқа жолдаймыз. Мұнда процесс келесідей: зардап шеккен тарап пен күдікті тарап (материалдармен танысады - ред. ескертпесі). Іспен танысу процесі аяқталып қалды.
Тергеу толығымен аяқталды, танысқаннан кейін қадағалау органы ретінде прокуратураға жібереміз, прокуратура арқылы сот қабылдап, шешім қабылдайды", - деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Журналистер министрден "Сот жабық түрде өте ме?" деп сұрады. Сәденов бұл мәселені сот барысында судья шешетінін айтты.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 12 сараптама тағайындалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
2024 жылғы 14 қаңтарда Астана соты Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімін 9 наурызға дейін ұзартқаны мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058437-bisimbaev-isi-iski-ister-ministri-is-zaqyn-arada-sotqa-ziberiletinin-xabarlady/