Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Майқайыңалтында" қаза болған құтқарушылардың отбасына сақтандыру өтемақысы төленеді

Опубликовано:

Асайын Байханов пен Яна Осолодкова
Асайын Байханов пен Яна Осолодкова. Фото: facebook.com/АсайынБайханов

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов "Майқайыңалтын" аумағында қаза болған құтқарушылардың отбасының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді де жұмыс беруші өз мойнына алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Асайын Байханов Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Кеше, 1 ақпанда Асайын Байханов "Майқайыңалтын" АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде қаза болған құтқарушылардың отбасына барған.

"Бердібек Сарқыттың туған-туыстарымен Майқайыңдағы үйінде кездестім, бұған дейін мен марқұмның жаназасына қатысқанмын. Менің бүгінгі келуімнің мақсаты - қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу. Әрине, ешқандай қолдау сөздері мен төлемдер жақындарыңызды қайтармайды. Бірақ біз аумағында қайғылы жағдай орын алған "Майқайыңалтын" АҚ-нан, мемлекеттен және жұмыс берушіден жан-жақты көмек алу үшін қажеттінің бәрін жасаудамыз", - деп жазды әкім.

Сондай-ақ өңір басшысы Екібастұзға барып, бұл туралы қаза тапқан құтқарушы Олег Тышкевичтің де қызымен сөйлескенін айтты. Оның сөзінше, өңір басшылығы жұмыс беруші мен "Майқайыңалтын" АҚ-ның Яна мен оның ағасы алдындағы барлық міндеттеменің орындалуын қадағалайтын болады.

"Сонымен қатар қаза болған жандардың отбасыларына кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан" 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы беріледі. "Майқайыңалтын" АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады, ал, жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасыларының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады", - деді облыс басшысы жазбасында.

Асайын Байхановтың айтуынша, осындай көмектер іздестіру жүргізіліп жатқан екі құтқарушының денелері табылған немесе оларды қайтыс болды деп таныған жағдайда олардың отбасыларына да көрсетіледі. Қаржылай көмектің көлемі туралы ақпарат барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін хабарланады.

Асайын Байханов "Майқайыңалтында" қаза болған құтқарушының отбасында
Асайын Байханов "Майқайыңалтында" қаза болған құтқарушының отбасында. Фото: facebook.com/АсайынБайханов

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы ТЖ

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.

Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылса, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.

Жақында тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.

Кеше "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан құтқарушының қызы видеоүндеу жасап, уәде етілген материалдық көмек толығымен көрсетілмегенін мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058750-maiqaiynaltynda-qaza-bolgan-qutqarusylardyn-otbasylaryna-saqtandyru-otemaqysy-tolenedi/

pixel