Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда жер сілкінісі жақын арада қайталана ма: сейсмологиялық орталық өкілі жауап берді

Опубликовано:

Алматы қаласы
Алматы қаласы. Көрнекі сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қалалық ТЖД өкілдері қалада жер сілкінісінің қайталану мүмкін бе деген журналистердің сұрағына жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

ТЖД өкілдерімен болған баспасөз жиынында Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы басшысының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков "жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін бе" деген сұраққа жауап берді.

"Өздеріңізге мәлім, 11:22-де негізгі дүмпу болды, ол дүмпу Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан. Сол дүмпуден кейін бұл ошақтан басқа сілкініс дүмпулері әлі тіркелген жоқ. Одан кейінгі сағат 13:00-дегі сілкініс басқа ошақтан - 23 қаңтарда Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған ошақтан келген ілеспе дүмпу. Оның бұл ошаққа еш қатысы жоқ.

Ал қазіргі ошақтың жағдайына келсек, барлық сейсмикалық жағдайды приборлармен бақылап отырмыз. Бұл ошақтан әлі ілеспе дүмпу болған жоқ. Бұрындары бұл ошақ маңында бірнеше мәрте осындай күшпен жер сілкінісі болған. Атап айтқанда, 1990 жылы мамыр айында, 2015 жылы наурыз айында күші осы шамалас жер сілкіністері болған. Ол сілкіністер де ілеспе дүмпулерсіз өткен болатын. Соған қарай, бұл ошақтың негізгі ерекшелігі күшті алғашқы дүмпуден кейін ілеспе дүмпу тіркелмейтін сияқты. Қазірге дейін ілеспе дүмпулер бұл ошақтан тіркелген жоқ. Көзі қарақты Алматы жұртшылығы біледі, біз сейсмикалық қауіпті аймақта тұрамыз. Сондықтан да жер сілкінісі кез келген басқа ошақтарда туындауы мүмкін. Ол үшін басқа да ошақтардағы жағдайды қадағалауымыз керек. Қазір біздің қолымыздағы бар мәлімет бойынша ондай дәйектер жоқ", - деді маман.

Алматыдағы жер сілкінісі

Алматыда бүгін, 4 наурызда сағат 11:22-де қатты жер сілкінді. Қалада сирена қосылды.

ТЖМ өкілдері жер сілкінісінің қуаты 5 балл болғанын хабарлады.

Жерасты дүмпуінен кейін Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісіне байланысты видеоүндеу жасап, халықты дүрлікпеуге шақырып, бірінші сілкіністен кейін не істеу керек екенін айтты.

Алматы, Алматы облысы, Жетісу облыстарында жедел желі телефондары жұмыс істейтіні хабарланды.

Бұған дейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев та Алматыдағы қатты жер сілкінісінен кейін афтершок болуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Алматы қаласы ТЖД хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақстанның оңтүстік астанасында жер сілкінісі 5 балл болып сезілді. Жер сілкінісінен кейін қалада көлік кептелісі туындады.

Метро да жұмысын тоқтатты. Әкімдік жедел штабтың жұмысын жариялады.

Алматылықтарға жақын маңдағы қабылдау пунктін қалай табуға болатыны айтылды. Сейсмологтар алматылықтарды 16:00-ге дейін қоғамдық қабылдау пункттерінде болуға шақырды. Мектептердегі, колледждердегі және университеттердегі сабақтар тоқтатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064415-almatyda-zer-silkinisi-zaqyn-arada-qaitalana-ma-seismologiyalyq-ortalyq-okili-zauap-berdi/

pixel