Алматыдағы метрополитен штаттық режимде жұмыс істеп тұр
Жарияланған күні:
Алматыдағы метро жер сілкінісінен кейін штаттық режимде жұмысын жалғастырды. Мамандар онда ешбір ақау мен зақымдар анықталмағанын жеткізді, деп хабарлайды Алматы әкімдігі Telegram-дағы ресми арнасында.
Алматы метрополитені баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, метро сағат 16:30-дан бастап жұмысын жалғастырған.
"ТЖ кезіндегі жұмыс Жоспарына сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мамандар метро тоннельдерін тексеру жұмыстарын жүргізді, метро аумағында ешқандай бұзылыс байқалған жоқ", – делінген хабарламада.
Алматыдағы жер сілкінісі
Айта кетейік, Алматыда бүгін, 4 наурызда сағат 11:22-де қатты жер сілкінді. Қалада сирена қосылды.
ТЖМ өкілдері жер сілкінісінің қуаты 5 балл болғанын хабарлады.
Жерасты дүмпуінен кейін Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісіне байланысты видеоүндеу жасап, халықты дүрлікпеуге шақырып, бірінші сілкіністен кейін не істеу керек екенін айтты.
Алматы, Алматы облысы, Жетісу облыстарында жедел желі телефондары жұмыс істейтіні хабарланды.
Бұған дейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев та Алматыдағы қатты жер сілкінісінен кейін афтершок болуы мүмкін екенін ескерткен еді.
Алматы қаласы ТЖД хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақстанның оңтүстік астанасында жер сілкінісі 5 балл болып сезілді. Жер сілкінісінен кейін қалада көлік кептелісі туындады.
Метро да жұмысын тоқтатты. Әкімдік жедел штабтың жұмысын жариялады.
Алматылықтарға жақын маңдағы қабылдау пунктін қалай табуға болатыны айтылды. Сейсмологтар алматылықтарды 16:00-ге дейін қоғамдық қабылдау пункттерінде болуға шақырды. Мектептердегі, колледждердегі және университеттердегі сабақтар тоқтатылды.
Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға үйіне қайтуға рұқсат берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064425-almatydagy-metropoliten-zumysy-zandandy/