Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот отырысы басталды (онлайн-трансляция)
Жарияланған күні:
Елордада әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатқан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сот отырысы елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтіп жатыр. Онлайн-трансляцияны кез келген адам көре алады.
Айыпталушының ісін бүгін таңдалған 12 адамнан тұратын алқабилер алқасы қарайды.
Естеріңізге сала кетсек, 11-12 наурызда Астанада әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатқан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот залына журналистерді кіргізбеді, баспасөз өкілдері сот отырысын көрші бөлмеден теледидар арқылы бақылап отырды.
Алдын ала тыңдаудың бірінші күні прокурор Салтанат Нүкенова қаза болған күні не жағдай болғанын айтты. Бишімбаев тағылған айып түсінікті екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол істің алқабилердің қатысуымен қаралғанын қалайтынын жеткізді.
Ал оның адвокаты заң бұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтаруды сұрады. Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады.
Дегенмен судья Бишімбаевтың сот отырысын алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074251-bisimbaev-isi-boiynsa-sot-otyrysy-bastaldy-onlain/