Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев сотта тағылған айыппен тағы келіспеді: Мен асқан қатыгездікпен, қасақана кісі өлтірген жоқпын

Жарияланған күні:

Читать на русском
Бишімбаев сот отырысында
Қуандық Бишімбаев сот отырысында. Видеодан кадр: www.youtube.com/@SupcourtRK

Астанада Бишімбаев ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Айыпталушылар орындығында Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанов, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін Бишімбаев өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

"Айыптау мәні түсінікті. Кінәмді мойындамаймын. Мен сотқа дейінгі тергеу кезінде де, басқа жерде де өз нұсқамды айтуға мүмкіндігім болмағанын айтқым келеді. Прокурордың оқығандары ойдан шығарылған. Ешқандай дәлел мен айғақ жоқ, сондықтан 110-бап бойынша мұндай қылмыс менің тарапымнан жасалған жоқ, мен оны мойындамаймын", - деді Бишімбаев.

Ол сондай-ақ асқан қатыгездікпен, қасақана кісі өлтірді деген айыппен де келіспейтінін айтты.

"Осы секілді, мына пункт бойынша да осыны айтам: асқан қатыгездікпен, қасақана кісі өлтірген жоқпын", - деп қорытындылады сөзін Бишімбаев.

Еске салайық, 11-12 наурызда өткен алдын ала сот тыңдауында да әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатқан Қуандық Бишімбаев кінәсін мойындамайтынын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, бүгін, 27 наурызда Астанада алқабилердің қатысуымен Қуандық Бишімбаев ісі бойынша ашық режимде басты сот отырысы басталды. Осылайша, сот отырысын онлайн-трансляция арқылы кез келген адамға көруге мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінгі сот отырысында прокурор Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні не жағдай болғанын баяндады.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074305-bisimbaev-men-adamdy-erekse-qatygezdikpen-qasaqana-oltirgen-zoqpyn/