Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қылмыс жасадым ба білмеймін": сотта екінші күдікті Бишімбаевтың ағасы сөз алды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Бақытжан Байжанов сот отырысында
Бақытжан Байжанов сот отырысында. Фото: youtube.com/@SupcourtRK

Салтанат Нүкенованың ісі бойынша күдікті деп танылған Қуандық Бишімбаевтың ағасы Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәсін мойындай ма деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бүгін, 27 наурызда Астанада өтіп жатқан басты сот отырысында судья Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша күдікті Қуандық Бишімбаевтың ағасы Бақытжан Байжановтан аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәсін мойындай ма, жоқ па деп сұрады.

"Сізге екі бап бойынша айып тағылып отыр: біріншісі аса ауыр қылмысты жасыру. Бұл пункт бойынша өз кінәңізді мойындайсыз ба?" - деп сұрады судья.

Бақытжан Байжанов бұл сұраққа:

"Құрметті сот, мен шын мәнінде видеоны өшіруді, Салтанаттың телефонын да үйіне апаруды сұрағанымды мойындаймын. Қылмыс жасадым ба білмеймін, бірақ ол кезде Салтанаттың өліп бара жатқанын немесе қаза болғанын білмедім, түсінбедім", - деді ол.

Судья оған жауап алу кезінде өз позициясын толығырақ айта алатынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында Қуандық Бишімбаев прокурордың айыптау актісін жариялағаннан кейін тағы да өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ прокурор Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні не жағдай болғанын баяндады.

Бұл іс бойынша келесі сот отырысы 29 наурызға белгіленді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074323-qylmys-zasadym-ba-bilmeimin-bisimbaevtyn-agasy-sotta-soz-soiledi/