Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соңғы рет сөйлескенде жылағанын сездім": cотта Айтбек Амангелді Салтанат Нүкенова көз жұмған күні не болғанын айтты

Опубликовано:

Қуандық Бишімбаев
Қуандық Бишімбаев сотта. Фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында қарындасы көз жұмған күні не болғанын, қайғылы хабарды кімнен естігенін баяндады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Салтанат Нүкенованың ағасының сөзінше, оқиға 2023 жылы 9 қарашада болған.

"Күндіз телефонымды қайта-қайта қарадым, ол кейінірек жауап береді деп ойладым. Кешкі сағат 8-9 шамасында Салтанаттың құрбысы қоңырау шалды. Ол жанұшырып, дірілдеп: "9 қарашада Бишімбаев Салтанатты "БАУ" деген мейрамханада өлтірген" деген хабарлама тарап жатқанын, оның рас-өтірігін сұрады.

Мен бұл жалған ақпарат екенін айттым. Салтанатқа хабарластым, жауап бермеді. Оның геолокациясын қарадым, телефоны үйде болған. Мен үйге бардым. Барлығына, Қуандыққа, Бақытжанға телефон соқтым, ешкім жауап берген жоқ.

Мен үйге жақындағанда, жарық өшіп тұрғанын көрдім. Пәтердің есігін қақтым, ешкім ашпады. Полицияға хабарласып, осындай хабарлама алғанымды, қарындасым үшін уайымдайтынымды жеткіздім. Маған полиция Салтанаттың көз жұмғаны рас екенін, "Гастро-орталыққа" бару керектігін айтты. Сенбедім, такси шақырып, "Гастро-орталыққа" бардым. Әкем хабарласты, оған да бұл хабарлама жеткен", – дейді Амангелді.

Содан кейін туыстары қоңырау шалғанын айтты.

"БАУ" мейрамханасына келіп, шеткі есікпен кірдім. Лифтке кіргізбеді – "тергеуші бар" деді. "Мен – Салтанаттың ағасымын" дедім. Ол жерде криминалистер бар екенін, Салтанат қайтыс болғанын айтты. "Оны сол жерде ме?" деп сұрадым (Қуандықты - ред.). Олар алып кеткені айтты.

Маған су берді, ойымды жинақтап, әкеме телефон соғып, бұның бәрі рас екенін, Салтантты Қуандық өлтіргенін айттым. Арғы жақта анамның айқайлаған даусын естідім. Сосын тергеуші мені куәлік ету үшін полиция бөліміне апарды", — дейді Амангелді.

Салтанат Нүкенованың ағасы қарындасымен соңғы рет сөйлескенде оның мұңайып, ренжіп тұрғанын байқағанын айтты.

"Соңғы рет сөйлескенде жылап тұрғанын сездім", - деді марқұмның ағасы.

Айта кетейік, бүгін 29 наурызда Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.

Сот отырысында жәбірленуші тараптан сөз алған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді өзі куә болған Қуандық пен Салтанаттың бірнеше жанжалы туралы баяндап берді.

Айтбек Амангелді Салтанат Нүкенованың ағасы сотта қарындасының көзі көгерген суреттерін көрсетті.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075436-songy-ret-soileskende-zylaganyn-sezdim-cotta-aitbek-amangeldi-saltanat-nukenova-koz-zumgan-kuni-ne-bolganyn-aitty/

pixel