Бишімбаевқа қатысты сот отырысы түстен кейін жалғасатын болды
Жарияланған күні:
Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы түстен кейін жалғасатын болды. Бұл туралы Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша келесі сот отырысы бүгін, 29 наурызда сағат 14:30-да өтеді.
Еске салсақ, бүгін екінші сот отырысында марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Салтанат пен Бишімбаевтың қалай танысқанын айтты. Сонымен қатар Айтбек өзі куә болған Қуандық пен Салтанаттың бірнеше рет жанжалын баяндап берді.
Бұдан бөлек, Айтбек Амангелді Салтанаттың беті көгергені түсірілген фотоларын көрсетті. Қарындасы суреттерді ағасына жіберіп, сақтап қоюды сұраған. Айтуынша, бұл оқиға 2023 жылғы наурыз айында болды.
Айта кетейік, 27 наурыздағы сот отырысында Қуандық Бишімбаев прокурордың айыптау актісін жариялағаннан кейін тағы да өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ прокурор Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні не жағдай болғанын баяндады.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075448-bisimbaevqa-qatysty-kelesi-sot-otyrysy-qasan-otedi/