Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешірім күтпеймін": Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованың өліміне қатысы барын мойындады

Опубликовано:

Бишімбаев сот залында
Қуандық Бишімбаев сот залында. Фото: t.me/Jogargy_sot

Азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеген сөзінде болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

"Мен үшін бұл туралы айту өте қиын, кешірім күтпеймін, бірақ бәрін айту – менің адамдық парызым. Бұл жерде зардап шеккен туыстары, ата-анасы отыр.

Басында оның көз жұмғанын қабылдау маған қиын болды. Кешірім күтпеймін, бірақ бұл - менің шынайы жанайқайым. Мен бұл жағдайға қатысым бар екенін білемін. Кінәсіз екенімді және кінәмді мойындамайтынымды айтқаным, Салтанатты қасақана, саналы түрде өлтірді дегенді мойындамайтынымды түсіндіргім келген еді", - деді Бишімбаев.

Оның айтуынша, әрекетінде алдын ала ойластыру, әдейі ұйымдастыру болмаған. Салтанат екеуі жанжалдаспағанда, сол күні қайғылы оқиға болуы мүмкін емес еді.

"Айта кететін жайт: құжаттарды оқып, тағылған айыпты тыңдасаңыз, мен қамауға алынғаннан бері Салтанаттың туыстары, ағалары болған оқиғаны бұрмалағанын көруге болады.

Өтірік айтпайын, мені бес ай бойы қанішер деп атап келді. Оның көзі ағып, бас сүйегі сынған деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді Бишімбаев.

Бишімбаевтың сөзінше, бұл істің төңірегінде түрлі дау болған.

"Мен шешім қабылдап, дайындалған кезде бәрін айтуға ішкі күш-қуатым бар еді. Сіз де менің жағдайымды түсінуіңіз керек. Олар әке-шешем жерлеуге қатыспағанын айтылды. Жәбірленуші тарап өкілді ата-анам сонда болған, оларға қоқан лоқы көрсеткен", - дейді ол.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2076702-kesirim-kutpeimin-bisimbaev-sotta-saltanat-nukenovanyn-olimine-qatysy-baryn-aitty/

pixel