"Сіз айқайға көштіңіз": Бишімбаевтың ісі бойынша сотта судья прокурорға ескерту жасады
Жарияланған күні:
Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сотта Бишімбаевтың өзі сөз сөйледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сотта Бишімбаев өз куәлігінде Салтанат Нүкенованы "психикалық ауытқуы бар болған" және оның әкесінің де психикалық ауытқуы бар деп айыптамақ болды.
"Бишімбаев бұл туралы айттым дейді. Қашан айтты? Бес рет куәлік беруден бас тарттыңыз, қай жерде айттыңыз? Қашан? Құрметті қазылар алқасын адастырмасын. Ол қазір беріп жатқан түсініктемелерге қарсымын. Істің мән-жайы бойынша куәлік берсін", – деді прокурор.
Сот прокурордың дауыс көтергеніне ескерту жасады.
"Сіз айқайға көштіңіз, сабырлы болыңыз, айыптаушы тарап", – деді судья.
Жәбірленушілердің адвокаты іс материалдарына Нүкенованың әкесі ешқашан тіркелмегені және есепте тұрмағаны, сондай-ақ психикалық аурумен ауырмайтыны туралы анықтаманы қоса беруді сұрады. Сот өтінішті қанағаттандырды.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2076897-siz-aiqaiga-kostiniz-bisimbaevtyn-isi-boiynsa-sotta-sudya-prokurorga-eskertu-zasady/