Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Майқайыңалтында" карьерге құлаған автобус оқиғасы: жарты жылдан кейін құтқарушының денесі табылды

Жарияланған күні:

Карьерге құлаған автобусты іздеу жұмыстары жүргізілуде
Апат орнындағы құтқарушылар. Көрнекі фото: https://t.me/qr_tjm

Бүгін, 19 шілдеде Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару жұмыстарының республикалық орталық штабы қызметкерінің денесі табылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар облысы ТЖД ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ТЖД мәліметінше, 2024 жылғы 19 шілдеде "Майқайыңалтын" АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 м тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды, ол 4 қаңтарда "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС-нің тағы үш құтқарушысымен бірге автобуста жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған.

Бұған дейін 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған еді.

"Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар "Алтыналмас" АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқандығы анықталды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды", - делінген хабарламада.

Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді.

Оқиға болған күні Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары 2 ер адамның денесін тауып, жер бетіне көтерген болатын. Кейін жұмыстар тоқтатылып, біраз уақыттан кейін іздестіру жұмыстары қайта жанданды. 

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апат

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.

Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылды, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары осы күнге дейін жүргізіліп келе жатыр.

Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.

Тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады.

29 қаңтарда Павлодар облысының әкімі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде автобус дөңгелегі табылғанын хабарлады. Бірнеше күннен кейін опырылған жерден құтқарушының дулығасы мен қол радиосы табылды.

5 ақпанда опырылған жерде жұмыс тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаменті оқпанға құлаған автобусты іздестіру орнында опырылып қалу қаупі тым жоғары екенін мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр "Майқайыңалтын" АҚ-да құлаған автобусты құтқару үшін халықаралық құтқарушыларды тартудың қажеті жоқ екенін айтты.

7 ақпанда іздеу жұмыстары қайта жанданды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы "Майқайыңалтын" кәсіпорнындағы жұмыс барысына тоқталып, оқиғаның себебін комиссия анықтағанын атап өтті.

Оқиғадан соң үш ай өткенде іздестіріліп жатқан екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етті.

17 сәуірде Астана соты "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғаларын автобус апатына кінәлі деп танып, шешім шығарды. Жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екені анықталды. Бұған дейін компания өкілдері жазатайым оқиғаға қатысы жоғын айтып, кінәні мойындамаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2136951-maiqaiyngaltynda-karerge-qulagan-avtobus-oqigasy-qutqarushynyng-denesi-tabyldy/