Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Майқайыңалтын" кен орнындағы апат: өңір басшысы денесі табылған құтқарушы жөнінде мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

"Майқайыңалтын" кен орнында құтқарушылар іздеу жұмысын жүргізіп жатыр
"Майқайыңалтын" кен орнындағы ісдестіру жұмыстары. Фото: t.me/qr_tjm

Павлодар облысында орналасқан "Майқайыңалтын" кен орнында опырылған жерде жоғалып кеткен екі адамның қайсысының денесі табылғаны мәлім болды. Бұл жөнінде облыс әкіміне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

4 қаңтарда автобус құлап кеткен "Майқайыңалтын" кенішіндегі шұңқырдан кеше бір құтқарушының денесі шығарылғаны хабарланды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram-дағы парақшасында жариялаған жазбасында мән-жайды баяндап берді.

"Бүгін (кеше, 19 шілдеде – ред. ескертпесі) іздестіру жұмыстары тұрақты негізде аздаған үзілістермен жүргізілген "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Павлодар облысының ТЖД күшімен құтқарушының мүрдесі жер бетіне көтеріліп, жедел-тергеу тобына берілді.

Табылған жетон мен киімінен құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі табылғаны анықталды.

Айдостың ата-анасына, оның жұбайы Нұрсұлуға, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.

Өздеріңіз білетіндей, апаттың бірінші күні екі құтқарушының – Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денелері табылған болатын. Енді туыстары Айдос Шаймерденді де жер қойнына тапсырып, дұға жасай алады.

Марқұмға иман байлығын берсін.

Өкінішке қарай, 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Бәріміз жақын арада іздестіру жұмыстары өз нәтижесін береді деп үміттенеміз", - деп жазған әкім.

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апат

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.

Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылды, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары осы күнге дейін жүргізіліп келе жатыр.

Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.

Тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады.

29 қаңтарда Павлодар облысының әкімі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде автобус дөңгелегі табылғанын хабарлады. Бірнеше күннен кейін опырылған жерден құтқарушының дулығасы мен қол радиосы табылды.

5 ақпанда опырылған жерде жұмыс тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаменті оқпанға құлаған автобусты іздестіру орнында опырылып қалу қаупі тым жоғары екенін мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр "Майқайыңалтын" АҚ-да құлаған автобусты құтқару үшін халықаралық құтқарушыларды тартудың қажеті жоқ екенін айтты.

7 ақпанда іздеу жұмыстары қайта жанданды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы "Майқайыңалтын" кәсіпорнындағы жұмыс барысына тоқталып, оқиғаның себебін комиссия анықтағанын атап өтті.

Оқиғадан соң үш ай өткенде іздестіріліп жатқан екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етті.

17 сәуірде Астана соты "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғаларын автобус апатына кінәлі деп танып, шешім шығарды. Жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екені анықталды. Бұған дейін компания өкілдері жазатайым оқиғаға қатысы жоғын айтып, кінәні мойындамаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2137194-maiqaiyngaltyn-ken-ornyndagy-apat-ongir-basshysy-denesi-tabylgan-qutqarushy-zhoninde-malimdeme-zhasady/