Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Майқайыңдағы қайғылы оқиға: жарты жылдан кейін денесі табылған құтқарушы жерленді

Жарияланған күні:

"Майқайыңалтын" АҚ аумағы
"Майқайыңалтын" АҚ аумағы. Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында 19 шілдеде қайғылы оқиғадан алты ай өткен соң мәйіті табылған құтқарушы Айдос Шаймерден жерленді, деп хабарлайды облыс әкімі Асаин Байхановқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Бүгін, 19 шілде күні "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен ауданында опырылған жердегі іздестіру жұмыстары барысында денесі табылған құтқарушы Айдос Шаймерденнің жаназасына қатыстым.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін.

Сондай-ақ денесі әлі табылмаған автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің отбасымен кездестім. Жақын арада біз оны тауып, туыстарына бере аламыз деген үміттемін", - деп жазды әкім Instagram-дағы парақшасында.

Байханов сондай-ақ іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде болғанын айтты. Онда топырақтың сырғып, құлау қаупі болғандықтан, жұмыстар тұрақты негізде аздаған үзілістермен жүргізілген.

"17 маусымда сканерлеу арқылы автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін "Алтыналмас" АҚ мамандары тартылды. Зерттеу нәтижелері бойынша пайда болған шұңқырдың ең түбінен 12 метр тереңдікте автобустың болжамды орналасқан жері анықталды.

Қазір шұңқырдың түбінде топырақты қайта экскавациялауды жалғастыруда. Жұмыстар аса сақтықпен және барлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып жүргізілуде", - деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, 19 шілдеде "Майқайыңалтын" АҚ күштері қазу жұмыстары кезінде 70 метр тереңдіктен бір құтқарушының мәйітін тапты. Ол 4 қаңтарда автобустағы тағы үш әріптесінің құрамында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлап кеткен болатын. Оның жеке басы анықталып, ол 36 жастағы Айдос Шаймерден болып шықты.

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апат

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.

Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылды, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары осы күнге дейін жүргізіліп келе жатыр.

Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.

Тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады.

29 қаңтарда Павлодар облысының әкімі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде автобус дөңгелегі табылғанын хабарлады. Бірнеше күннен кейін опырылған жерден құтқарушының дулығасы мен қол радиосы табылды.

5 ақпанда опырылған жерде жұмыс тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаменті оқпанға құлаған автобусты іздестіру орнында опырылып қалу қаупі тым жоғары екенін мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр "Майқайыңалтын" АҚ-да құлаған автобусты құтқару үшін халықаралық құтқарушыларды тартудың қажеті жоқ екенін айтты.

7 ақпанда іздеу жұмыстары қайта жанданды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы "Майқайыңалтын" кәсіпорнындағы жұмыс барысына тоқталып, оқиғаның себебін комиссия анықтағанын атап өтті.

Оқиғадан соң үш ай өткенде іздестіріліп жатқан екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етті.

17 сәуірде Астана соты "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғаларын автобус апатына кінәлі деп танып, шешім шығарды. Жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екені анықталды. Бұған дейін компания өкілдері жазатайым оқиғаға қатысы жоғын айтып, кінәні мойындамаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2137494-maiqaiyngdagy-qaigyly-oqiga-zharty-zhyldan-keiin-denesi-tabylgan-qutqarushy-zherlendi/