Ақтаудағы ұшақ апаты: Қанат Бозымбаев зардап шеккен жолаушыларға барды
Жарияланған күні:
Қанат Бозымбаев Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағынан зардап шеккен жолаушыларға барды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметніе сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары басшылық ететін үкіметтік комиссия Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына келді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, ұшақ апаты болған жерде 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 АМО (Апаттар медицина орталығы) бригадасы жұмыс істеген. Облыстық көпсалалы ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық, сондай-ақ 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды.
Жалпы ауруханаларға 29 зардап шеккен адам жеткізілді. Оның ішінде Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам түсті. Олардың 13-і Әзірбайжан азаматтары, 9-ы Ресей, 3-еуі Қырғызстан азаматы. Үш адамның жеке басы анықталуда. Облыстық балалар ауруханасында екі кәмелетке толмаған бала жатыр. Барлық науқас толық көлемде медициналық көмек алуда.
Қанат Бозымбаев жауапты тұлғаларға сапалы емдеу мен тиісті күтімді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Ақтауға елдің жетекші ғылыми медициналық орталықтарынан реаниматологтар, травматологтар, хирургтер, комбустиологтар және басқа да жоғары білікті мамандар тобы келгенін хабарлады.
Одан кейін Қанат Бозымбаев Әзербайжаннан келген үкіметтік делегациямен кездесті. Вице-премьер төтенше жағдайлар министрі Камаледдин Гейдаровпен және цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәби оғлы Нәбиовпен келіссөздер жүргізді. Әзербайжан үкіметтік делегациясының өкілдері көрсетілген көмек үшін Қазақстан халқына алғыс білдірді.
Ақтаудағы ұшақ апаты
Еске салсақ, бүгін, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Соңғы мәліметтер бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205072-aqtaudagy-ushaq-apaty-qanat-bozymbaev-zardap-shekken-zholaushylarga-bardy/