Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтау маңындағы ұшақ апаты орнын дронмен түсірген блогер қамалды

Жарияланған күні:

Азамат Сәрсенбаев
Азамат Сәрсенбаев. Фото: facebook.com/azamat.sarsenbaev

Маңғыстау облысында ұшақ апаты болған орынды дронмен түсіргені үшін ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ оның адвокатына сілтеме жасап.

Адвокат Айбек Сүйіндіков бұл туралы Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының қаулысымен Азамат Сарсенбаев құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық жасаған деп танылған. Сот шешімімен оған 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.

"Істің мән-жайларын ескере отырып, сот Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігінің санкциясы аясында, яғни әкімшілік қамауға алу мерзімі ең көп 15 тәулікке тең жазаны белгіледі", – делінген Сүйіндіковтің Instagram Stories жазбасында. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің Instagram-аккаунтына ұшақ апаты болған жерден түсірілген кадрларды жариялаған болатын. Суреттер мен видеоларда ұшақтың қалдықтары, жанған шөп, ұшақ салонынан жұлынып алынған орындық және матамен жабылған қаза тапқандардың денелері көрінеді. Қаза тапқандардың қолында оттегі маскалары бар екені байқалған.

Кейіннен Сәрсенбаев ұсталғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, блогер қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған.

"Ол оқиға орнында дрон ұшырып, құтқару қызметтерінің жұмысына және тергеу іс-шараларына кедергі келтірді, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады", – деп түсіндірді ДП өкілдері.

Ақтаудағы ұшақ апаты

Еске салсақ, бүгін, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Маңғыстау облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.

Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.

Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.

Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.

Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.

Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205303-aqtau-mangyndagy-ushaq-apaty-ornyn-dronmen-tusirgen-bloger-qamaldy/